Бейбіт атом энергиясы: пайдасы, зияны, қаупі

Бейбіт атом энергиясы: пайдасы, зияны, қаупі

АЭС салу идеясының тиімді тұсы неде? Бұл тек энергетикалық мәселені шешу ме? АЭС салу ісінде экологиялық және қауіпсіздік мәселесін ескереміз бе? Сонымен осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Тақырыпқа зер салмас бұрын қазір атом туралы сөз болғанда, міндетті түрде оның пайдасы мен зияны қатар айтылатынын ескергеніміз абзал. Екі түрлі көзқарас, екі түрлі пікір бар. Бірі – атомды «ядролық қару» ретінде көру, екіншісі – «энергия көзі» ретінде тұтыну. Бұл – атомның экологиялық «әлеуетін» санамаған кездегі жайт. Әрі сол көзқарастың бір-бірінен тым жырақ, тым алыс екенін де жіті ұғынған жөн.  Аталмыш материалда Aikyn.kz сайты халықаралық ұйымдар берген ашық ақпарат көзіндегі деректерге сүйеніп, бейбіт атом энергиясы, оның пайдасы, зияны, қауіпсіздігі мәселесіне шолу жасайды.

Жалпы бейбіт атом энергиясын пайдалану – бүгінгі глобализация үдерісіндегі әлемнің ең өзекті, сонымен қатар қарама-қайшылығы көп мәселесінің бірі. Ядролық энергияның тиімділігі мен тұрақтылығы біраз елге оны таза энергия көзі ретінде қолдануға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Десе де әлем назарында күні бүгінге дейін үлкен сұрақ болып тұрған бір мәселе бар. Ол – атом энергиясының қаупі мен радиоактив қалдықтарды реттеудің қиындығы. Әлемнен шет қалып, жабық мемлекет болып өмір сүріп жатқан түгіміз жоқ. Әлем ортақ, жер ортақ. Енді бұл сауал қазір бізге де қойылып отыр. Қазақстан үшін де АЭС (атом электр станциясын) салу мәселесі өзекті. Қазақстан билігі мерзімін ресми бекіткен 6 қазан күні АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтпек. Бірақ референдумға дейін де біздің қоғамдық пікірде насихаты кемшін болып жатқан күмәнді сауалдар аз емес. АЭС салу идеясының тиімді тұсы неде? Бұл тек энергетикалық мәселені шешу ме? АЭС салу ісінде экологиялық және қауіпсіздік мәселесін ескереміз бе? Сонымен осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Экономикадағы тиімділік пен энергия қауіпсіздігі

Атом энергиясының басты ұтымды тұсы – оның экономикалық тиімділігі. Мұнай мен газ бағасы тұрақсыз болғандықтан, біраз мемлекет энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты энергия көзіне көшуді қарастырып отыр. АЭС-тің бір артықшылығы сол, тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзін қамтамасыз етеді. Ол мұнай, газ, көмір сияқты пайдалы қазба байлығына қарағанда, әлдеқайда пайдалырақ. Сосын ұзақ уақыт бойы жарамды. Мәселен, Францияның кейсін алайық. Франция мемлекеті атом энергиясын кеңінен пайдаланып, энергияның негізгі бөлігін АЭС-тен алып отыр. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) мәліметі бойынша, атом станциясы энергия өндіру құны жағынан көмір станцияларымен жиі бәсекеге түседі. Кей жағдайда атомнан энергия өндіру құны тіпті одан да арзан болуы мүмкін.

Экологиялық тиімділік

Атом электр станциясы көмірқышқыл газының эмиссиясын әжептеуір азайтады. Яғни бұл жердегі «эмиссия» деп отырғанымыз – СО2-нің топырақ бетінен атмосфераға баруын сипаттайтын үдеріс. Біз сүйенген дереккөздегі мәлімет бойынша, сарапшылар АЭС-ті парниктік газдың атмосфераға кетуімен күресетін бірден-бір тәсіл ретінде қарастырады. Мысалы, АҚШ-тағы National Renewable Energy Laboratory мәліметінше, АЭС көмір станцияларына қарағанда атмосфераға көмірқышқыл газын 100 есе аз шығарады. Атом энергиясының көмір мен мұнайға қарағанда экологиялық «таза» болуы – міне, сол себептен.

Тарихтағы өшпес«із»: қауіпсіздік мәселесі, апаттың болуы

АЭС-тің пайдасы жайлы айтсақ, қазақшалап айтқанда «мақтап» болсақ, енді оның қауіпті тұсы неде екеніне тоқталайық. Атом энергиясын пайдаланудың ең күрделі тұсы – осы, оның қаупі. 1986 жылы 26 сәуірдегі Чернобыль апатын әлі тарих ғасыр қойнауында сақтап, жадтан еш өшірген жоқ. 10 күнге созылған өрттің салдарын бүкіл әлем естіп, біліп отырды. Оны былай қойғанда, 2011 жылы 11 наурыздағы жер сілкінісінің кесірінен болған Жапонияның Фукусима қаласындағы АЭС апаты атом энергиясының әлі де қауіпті екенін нақтылап берді. Ресми дереккөздердің мәліметінше, мұндағы апаттың жойқын болғаны соншалық, радиация деңгейі 40 шақырымға дейін созылған. Бірінен-бірі өтетін екі алып апаттың өз «ерекшелігі» бар. Чернобыль апаты радиацияның біраз аумаққа таралуына, адамдардың қаза болуына, зардап шегуіне дейін қасірет әкелсе, Фукусимадағы апат күллі адамзатқа дабыл қағып, атом энергетикасына деген көзқарасты қайта қарауға мәжбүрледі. Бұл оқиғалардан кейін, шыны керек, біраз есі дұрыс мемлекет АЭС құрылысын тоқтатып, экологиялық қауіпсіздікті бірінші орынға қойды.

Шетелдік сарапшылар қазіргі АЭС-тер апаттық жағдайларды болдырмау үшін дамыған технологиялармен жабдықталса да, табиғи апат пен адами факторға байланысты тәуекелдің әлі де бар екенін жоққа шығармайды. АҚШ-тағы  Massachusetts Institute of Technology  (MIT) зерттеуінің дерегінше, АЭС-тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін технологиялық инновациялармен қоса, қатаң құқықтық ережелерді әрі экологиялық нормаларды сақтау қажет.

Радиоактив қалдықтарды реттеу

АЭС-тен шыққан радиоактив қалдықтар адамзат мойнына салынған қыл бұрау екені сөзсіз. Себебі қанша жерден дабыра қылсақ та, радиоактив қалдықтарды сақтау мен өңдеу – шешімін таппаған күрмеулі мәселе. Ұзақ мерзімді радиоактив заттарды қауіпсіз күйде сақтау мәселесі қанша жылға созылатыны белгісіз. Мәселен, АҚШ-тың  Yucca Mountain жобасы радиоактив қалдықтарды сақтау орны ретінде біраздан бері жоспарланған. Алайда жобаға қарсы сыни пікір көп айтылып, әлі күнге дейін күрес жалғасып келеді. Сонда егер ертең Қазақстанда АЭС салар болсақ, радиоактив қалдықтарды қайда және қалай сақтайтынымыз елді ойландыратын мәселе болмақ.

Радиоактив қалдықты сақтайтын арнаулы орындарды салуға көп қаражат кетеді. Ал олардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – одан да бетер қиын шаруа. Сол себепті Батыс басылымдарында жарияланған пікірде, ғалымдар осы мәселені шешпей тұрып, АЭС салуды «жауапкершіліктен жұрдай қадам» деп санайды.

Энергетикалық қажеттілік пен тұрақтылық

Енді өзіміздің елге келейік. Қазақстан – энергетика саласында тап қазіргі сәтте үлкен әлеуеті бар ел. Елімізде табиғи ресурс көп. Мұнай, газ, көмірді айтпағанда, уран қоры да мол. Қазақстан уран өндіруден әлемде жетекші орында екені анық. Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігінің 2024 жылғы ресми мәліметінше, Қазақстан табиғи уран қоры бойынша әлемде 2-орында тұр. Бұл нені білдіреді? Демек еліміз АЭС салу үшін өзін-өзі қажет шикізатпен қамтамасыз ете алады деген сөз. Қазақстанның энергия жүйесі негізінен көмірге тәуелді болғанымен, экологтар мұның экологиялық зардабын жиі айтады.

Халықаралық тәжірибе, шетелдік сарапшылары не дейді?

Қазір қазақ қоғамының ақпараттық кеңістігінде атом энергиясы туралы айтылғанда, Франция мен Жапония мемлекеті міндетті түрде сөз болады. Өйткені аталмыш елдердің АЭС салудағы тәжірибесі Қазақстан үшін үлгі бола алады. Франция атом энергиясына тәуелді мемлекет ретінде энергия тапшылығы мәселесін шешкенімен, қауіпсіздік стандарттарын қатал ұстануды өзінен де, өзгеден де талап етіп отыр. Ал Жапония кейсі ше? Ол бізге керісінше Қазақстанға қауіпсіздік шарасын ең бірінші орынға қою қажет екенін қатаң ескертеді.

Атом энергетика саласындағы еуропалық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан АЭС салуды жоспарласа, ең алдымен экологиялық әрі қауіпсіздік стандарттарына сай келетін жоғары технологияларды қолдануға тиіс. Бұған дейін Aikyn.kz сайты жазған материалда да осы дүние айтылды. Себебі халықаралық Financial Times басылымы атап өткендей, посткеңестік елдерде АЭС салу кезінде құқықтық, экономикалық, технологиялық мәселелер толық шешілмейінше, мұндай жобалар өте ересен тәуекел екені айдан анық ақиқат һәм ғасырлық қауіп төндіруі мүмкін.

Франциядағы атом энергетикасы

Қауіпсіздік жайлы көбірек айттық. Енді осындай «батыл» (мұның дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетер) шешімге келген Франция – әлемде атом энергиясын кеңінен қолданатын елдің бірегейі. Елдегі электр энергиясының 70 пайыздан астамы АЭС арқылы өндіріліп алынады. Мұны АЭС саласындағы өзіміздің сарапшылар да мысал ретінде жиі айтады. Францияның атом энергетикасы экологиялық тұрғыдан тиімді екенінен бөлек, ол энергияға деген сұранысты толығымен қанағаттандырып отыр. Сондықтан біздіңше, дәл осы Франция тәжірибесі Қазақстанға бейбіт атомды қалай пайдалану керек екенінің үлгісі ретінде ұсынылуы мүмкін.

Бірақ... Осы жерде тағы бір маңызды жайт бар. Франция да ядролық қалдықты сақтау мәселесінен сырт айналып өте алмады. Себебі атом энергиясының басты мәселесі, радиоактив қалдықтың ұзақ мерзімге қайда сақтау керек екені, нақты шешімін таппады.

Германияның атом энергиясынан бас тартуы

Енді «қызықты» қараңыз... Еуропадағы Францияда АЭС салынып, оны әрі қарай қалай пайдалану тетігі қарастырылып жатса, Германия атом энергиясынан бас тартты. Ғаламтордағы ашық ақпарат көзіне сүйенсек, 2011 жылғы Фукусимадағы апаттан кейін ел үкіметінің «жүрегі» шайлығып қалған. Сөйтіп, Германия барлық АЭС-ті жабу туралы шешімді қабылдады. Ал қазір ше? Германия баламалы энергия көзіне, соның ішінде жел мен күн энергиясына көшу бағдарламасын ұлттық жобаға енгізіп, іске асырып жатыр.

Жапониядағы жағдай, Фукусима апатынан кейін әлем есте ұстауы қажет «қағида»

Фукусимадағы АЭС апаты Жапонияның атом энергетикасына деген сеніміне селкеу түсірді. Жер бетіндегі атомға деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Апаттан соң Жапония АЭС қауіпсіздігін күшейтіп, атом энергетикасынан біртіндеп бас тарту туралы шешім қабылдады. Демек бұдан не түюге болады? Егер Қазақстан АЭС салар болса, бұл оны жүзеге асыру кезінде барлық қауіпсіздік шарасын қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін еске салады. Технологиялық сатыдан бастап, экологиялық, тіпті адами факторға дейін қауіптің болуы ықтималдығы өте жоғары.

Қазақстанға АЭС салу керек пе?

Бұған кесіп-пішіп ештеңе дей алмаймыз. Бірақ ең басты дүние мынау: Қазақстанда АЭС салу мәселесі жан-жақты талдауды қажет етеді. Бір жағынан, АЭС энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, көмірқышқыл газының эмиссиясын азайтуға мүмкіндік береді делік. Бірақ екінші жағынан, қауіпсіздік мәселесі, радиоактив қалдықты реттеу мәселесі АЭС жобасын іске асыруда басты кедергі болмақ. Шетелдік сарапшылар мен Батыс басылымдарының пікірі бойынша, Қазақстан үшін ең дұрыс шешім – еліміз атом энергиясын дамытуға ұмтылғанымен, экологиялық қауіпсіздікке баса назар аудару.

P.S. Жақында ғана Қоғамдық саясат институты өткізген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесі шықты. Зерттеуге сенсек, сауалнамаға қатысқандардың 57,8%-ы референдумға қатысуды жоспарлап отыр екен. Бірақ осы жерде «Қазақстанға АЭС салу керек пе?» деген сұраққа нақты жауап беру үшін елдің энергетикалық қажеттілігі мен ең бастысы экологиялық қауіпсіздігін ескерген абзал. Себебі сөз басында айтқанымыздай, АЭС Қазақстанның энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, көмірқышқыл газын шығаруды азайтқанымен, атом энергиясының қаупі мен радиоактив қалдықты реттеу мәселесі үлкен қауіп төндірмек.

Халықаралық тәжірибе мен атом энергиясы саласындағы сарапшылардың пікірі Қазақстанда АЭС салу мәселесін шешу үшін толыққанды зерттеу тәсілін қолдануды оң жамбасына келеді деп отыр. Ол үшін ең әуелі, халықтың қауіпсіздігі мен экологиялық стандартты қамтамасыз етуге бағытталған қадамдар жасалуы керек. Егер Қазақстан баламалы энергия көзін дамытуға да назар аударып, экологиялық таза және қауіпсіз энергия көзіне көшуге мүмкіндік алса, елдің түтіні түзу шығар еді. Ең бастысы, АЭС мәселесіндегі шешімнің ғылыми негізі болуы, одан бөлек қоғам мен қоғамдық пікірдің мүддесіне сай қабылдануы қажет. Бұл – ел күткен ортақ талап.


#Послание, #АЭС, #Референдум