Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті — Президент

Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті — Президент

Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту — Үкіметтің стратегиялық міндеті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

— Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі бұл — агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Бірақ, бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық. Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат — ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту, — деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту — Үкіметтің стратегиялық міндеті.

— Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ, нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл — Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек. Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.

Президентттің атап өтуінше, Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталған.

— Сол себепті, олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары технологияға 1 млрд доллар инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.

kaz.inform.kz


#Президент РК, #Послание, #Правительство