Аймақ басшысы Абай ауданының жаңа әкімін таныстырды

Аймақ басшысы Абай ауданының жаңа әкімін таныстырды

Абай ауданының активімен кездесуде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев алғашқы рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы

нәтижесінде сайланған ауданның жаңа басшысын таныстырды. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес ауданының аумақтық сайлау комиссиясының шешімінің негізінде Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов Абай ауданының әкімі лауазымына сайланды.

Мейіржан Серікбосынұлы еңбек жолын бас маман болып бастап, мемлекеттік қызметтің барлық баспалдағын кезең-кезеңімен өтті. Ауылдық округ әкімі болды, кейіннен аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.

Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев өткен сайлау демократиялық, әлеуметтік-құқықтық даму бағытын таңдаған ел дамуының жаңа кезеңін көрсететінін ерекше атап өтті. Сондай-ақ жаңа басшыны құттықтап, қызметіне табыс тіледі. «Бұл – демократиялық, әлеуметтік, құқықтық бағытты таңдап алған еліміз үшін, дамудың жаңа кезеңі екені сөзсіз. Күні кеше, 5 қарашада ел тарихында алғаш рет, 45 өңірінде әкімдер сайлауы өтті. Олардың қатарында, Абай елінің болуы да заңды құбылыс деп есептеймін! Көпке үлгі болған, қасиетті өңір, өзінің саяси мәдениетін көрсетіп, таңдауын жасады. Осы орайда, сайлаудың жоғары дәрежеде өтуіне тікелей, септігін тигізген барша аудан тұрғындарына ризашылығым мен алғысымды білдіремін!», - деді облыс әкімі.

Жиын барысында Нұрлан Ұранхаев ауданның бұрынғы әкіміне еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да өңірдегі жұмысын жалғастыратынын жеткізді.


#Абай облысы, #Абай облысының әкімі