Абай облысында 5 мыңға жуық түлек республикалық челленджге қатысты

Абай облысында 5 мыңға жуық түлек республикалық челленджге қатысты

Еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарында өткен «Түлектердің ағаш отырғызу» республикалық челленджіне  Абай облысы білім басқармасының басшысы, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, мұғалімдер және мектеп түлектері қатысты,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семейлік оқушылармен бірге Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев қатысып, ағаш отырғызуға өз үлесін қосты. Сондай-ақ өз сөзінде биылғы мектеп түлектеріне алдағы ҰБТ-ны сәтті тапсыруына тілегін білдірді. Республикалық іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға, еңбекқорлыққа шақырды.

«Бұл челлендждің негізгі мақсаты – барлық мектептегі оқушыларды, ұстаздарды табиғатымызды аялап, қорғауға және еңбекқорлыққа баулу. Көшеттер отырғызып туған жерге жанашыр болуды үйренеміз. Өздеріңнен кейінгі оқушылар үлгі болуларың керек»,- деді басқарма басшысы.

Облыс бойынша 5000-ға жуық мектеп бітіруші түлек 4000-нан аса ағаш отырғызды. Абай ауданы түлектері алма ағаштарын отырғызса, қалған аудан оқушылары шырша көшеттерін екті. Іс-шара экологиялық мәдениетті, еңбекқорлықты, қоршаған ортаны көгалдандыруды дамытуға бағытталған.

Бұдан бөлек, республикалық акцияға білім басқармасына қарасты барлық білім бөлімі қызметкерлері, әдіскерлері де қатысты. Әр мекеме өзінің ауласын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмысын жүргізді. Челленджге атсалысқан 10 мыңға жуык педагог пен әдіскерлер жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсетті.


#Абай облысы, #Білім, #түлектер