«Самұрық-Қазына» Абай облысына жаңа қоғамдық кеңістікті сыйға тартты

«Самұрық-Қазына» Абай облысына жаңа қоғамдық кеңістікті сыйға тартты

Наурыз мерекесі қарсаңында Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада заманауи қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust»  қоры қаржылай қолдау көрсетті. 

Мақсат – білім берудің заманауи интерактивті және коммуникативті түрлерін құру арқылы оқырмандардың зияткерлік демалысқа деген қызығушылығын арттыру.

«Қазақ халқына Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаларды сыйлаған облысымыздың рухани өміріне қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына алғыс айтамыз. Жоба Абай облысы жастарының шығармашылық, рухани және мәдени әлеуетін одан әрі дамытуға көмектеседі деп сенеміз. Осындай айтулы оқиғаның куәсі болып отырған баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын», - деді өз сөзінде Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев.Кеңістікте «Сиқырлы қылқалам», «Шебер қолдар», «Құм-арт терапиясы» сынды үйірмелерге қажетті үстел мен орындықтар, сурет салатын ыңғайлы мольберттер, құммен сурет салу үшін арнайы үстелдер, кітап сөрелері мен жұмсақ жиһаз  сыйға тартылса, оқу залы-коворкинг арнайы кітап сөрелерімін, жиһазбен жабдықталып, оқу бағдарламасын жүзеге асыру үшін ноутбуктер, жас оқырмандарға шаралар өткізуде пайдалану үшін проектор қолданысқа берілді. 

Инновациялық робототехника зертханасы компьютерлермен, ноутбуктермен, проектормен, сканермен, 3D-принтер, робот, конструктор сынды робототехниканы үйренуге арналған жинақтармен, интерактивті үстелдермен қамтамасыз етілді.

Бүгінде облыстық кітапхана ересек оқырмандарды есептемегенде, 2500-ден астам балаға қызмет көрсете алады.

Сонымен қатар, Семей қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасына арнайы құрал-жабдық табысталды. Арнайы мекеме қазақ тілінде Брайль қарпімен кітаптар шығаруға қабілетті еліміздегі бірінші кітапхана болмақ.Қайырымдылық жобасы аясында 2024 жылдың соңына дейін «Samruk-Kazyna Trust»  қорының қаржыландыруымен Семейде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған еліміздегі тұңғыш мамандандырылған кітапхананы салу жоспарлануда. Бұл осындай сипаттағы алғашқы және жалғыз мәдени мекеме болмақ.


#Абай облысы, #білім беру