Абай облысында 5 жаңа спорт нысаны салынады

Абай облысында 5 жаңа спорт нысаны салынады

Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері ӨКҚ алаңында жылдың спорттық нәтижелері мен 2024 жылға арналған жоспарлары туралы айтып берді деп хабарлайды abaidan.kz.

Бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Жүнісов өз сөзінде биылғы жылы балалар және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

– Облысымызда бүгінде 537 спорт нысаны бар. Өткен 2023 жылы маңызды нысандар пайдалануға берілді, оның ішінде Ақсуат және Қайнар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Үржар ауданы Қабанбай ауылында спорт модулі, сондай-ақ Үржар ауылында жүзу бассейні пайдалануға берілді.  Демеушілік қолдауымен  Семей қаласында «Әлем» спорт кешені мен BURA жекпе-жек залы салынды. Шульба кентінде «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен  көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында тағы 4 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде», - деді  бөлім басшысы.

Дене шынықтыру, жоғары спорттық жетістіктері және спорт резерві бөлімінің басшысы Марлен Маратов жаңа спорт нысандарының пайда болуымен қатар спортпен шұғылданатын адамдардың саны айтарлықтай өскенін атап өтті. Өткен жылы спортпен тұрақты айналысатын азаматтарды қамту 42 пайызды құрап, 4 пайызға өскен.

2024 жылы 5 нысанның құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, олар Курчатов және Шар қалаларында,  Бесқарағай, Петропавл және Қалбатау ауылдарында салынады.

-Қазіргі уақытта Семей қаласындағы  Локомотив стадионының аумағында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын және облыстың әртүрлі аудандарында басқа да спорт модульдерін қоса алғанда, 11 объектіге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, - деді Марлен Маратов.


#Абай облысы, #Спорт