Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде ескеретін жайттар

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде ескеретін жайттар

Елімізде биыл жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Табыс пен мүлік декларациясына енгізілген өзгерістер тақырыбын кеңінен тарқату мақсатында бүгін өңіріміздің басты ақпарат алаңында кірістер департаменті Жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Айнаш Мусаинова қатысуымен баспасөз конференциясы өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.


- Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыратыны белгілі. Бүгінгі таңда жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне республика бойынша шамамен 13 млн. адам қатысу тиіс, оның 400 мыңнан астамы біздің облыстың тұрғындары, - деді жауапты маман.
Декларацияны табыстау кезінде Қазақстандағы және шетелдегі активтер туралы мәліметтер толыққанды болуы қажет. Себебі, декларацияланған активтердің құны болашақта салық салынатын табысты айқындау кезінде ескеріледі. Сондықтан декларацияны толтырмас бұрын тиісті растайтын құжаттарды алдын ала дайындау керек.
- 2024 жылдан бастап жеке тұлғалардың декларациясын тапсырудың ортақ мерзімі бекітілді. Енді 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет, - деп еске салды А.Мусаинова.
Бүгінгі таңда азаматтардың 99% - ы декларацияларды электронды түрде ұсынады. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.


#декларация, #салық