«Ертіс – достық өзені»: Абай облысында «Мөлдір бұлақ» апталығы өтіп жатыр

«Ертіс – достық өзені»: Абай облысында «Мөлдір бұлақ» апталығы өтіп жатыр

Мемлекет басшысының бастамасымен Абай облысы Жаңасемей ауданы Шүлбі кентінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы «Ертіс – достық өзені» акциясынан басталды. Аудан басшылығы, кент тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық орталықтар, жастар, мектеп түлектері, мекеме қызметкерлері және зиялы қауымның қатысуымен кент көшелері мен Ертіс өзенінің жағасында сенбілік өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.  Шүлбі кенті ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бейсен Лепсібаев жиналғандарға алғысын білдіріп, бастама бір реттік акция болмауы тиіс екенін айтты.

-«Таза Қазақстан» акциясын өткізудегі мақсат – табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыру, елді мекендерді абаттандыруды, көгалдандыруды тұрақты жүргізу. Бұл – біздің ұлттық құндылықтарымыздың бейнесі. Халқымыздың бір шаңырақ астындағы достығы мен өзара түсіністігі жалғасып, еліміздегі бейбітшілік әрқашан берік болсын, әрқашан бірлік болсын, -деді еңбек ардагері. Бұл күні акцияға қатысушылар 200-ден астам ағаш көшеттерін отырғызып, орталық көшелер мен Ертіс өзенінің жағалауына экологиялық тазалау жүргізді. Акцияға 300-ден астам адам қатысты. Арнайы техниканың көмегімен 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

-«Мөлдір бұлақ» апталығы біздің ауданда өтуде. Осы апта – «Таза Қазақстан» акциясының бір бөлігі және біз де оған қатысуға шешім қабылдадық. Көшелер мен аумақтарды тазалауда ғана емес, қарттарға да көмектесіп, жастарға үлгі көрсетеміз, - деді Жастар кеңесінің мүшесі Айнұр Сатыбалдинова.

Мемлекет басшысы ұсынған бастаманы Жаңасемей ауданының жастары Бородулиха ауданының жастарына жолдап, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.

Облыста барлығы 1 068 су ағындары мен өзендер, 55 көл, сондай-ақ 95 гидротехникалық құрылыстар бар.


#Семей, #Абай облысы, #Ертіс өзені