Абай гарнизонында іріктеу чемпионаты өтті

Абай гарнизонында іріктеу чемпионаты өтті

Абай гарнизонында әскери – спорттық кешенді көпсайыстан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының чемпионаты өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Әскери-қолданбалы спорт түрлерінің ХХІ Спартакиадасы аясында ұйымдастырылған сайысқа Семей, Өскемен, Аягөз, Үшарал гарнизондарынан 50-ден астам әскери спортшылар бақ сынады. 

          Үш күнге созылған жарыста әскери қызметшілер алғашқы күні Ф-1 гранатасын қашықтыққа лақтыру жаттығуларын орындаудан бастады. Келесі күні чемпионат қатысушыларының мергендігі сыналды. Олар АК-74 қаруынан ату жаттығуынан жарысты. Сондай-ақ бұл күні спортшылар белтемірге тартылудан да сайысып, кіл мықтыны анықтады. Әскери – спорттық кешенді көпсайыстың үшінші күні қатысушы командалар 100 және 3000 метрге жүгіру жаттығуларынан жарысты. 

          Жарыс қорытындысы бойынша, жекелей есепте үздік нәтиже көрсеткендері үшін 3 сыныпты сержант Марат Ибраимов І орынды, кіші сержант Ақпейіл Кутуев ІІ орынды, ал сержант Дмитрий Немчинов ІІІ орынды иеленді. Табанды күрес нәтижесінде әскери – спорттық кешенді көпсайыс бойынша командалық бірінші орынды 28738 әскери бөлімінің әскери қызметшілері олжалады, жүлделі екінші орынды 40398 әскери бөлімінің спортшылары, үшінші орынды 44736 әскери бөлімінің қомандасы жеңіп алды.  Жарыс нәтижесі бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы жасақталып, алдағы уақытта өтетін Қарулы Күштердің әскери-спорттық кешенді көпсайыс бойынша жарыстарға қатысатын болады. 


#Спорт, #Абай өңірлік гарнизоны, #"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, #әскери қызметкер