Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды

Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды

Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді.

Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді.

Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-сі оның кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.

Іле-шала Мемлекет басшысының Олжас Абайұлы Бектеновты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі етіп тағайындау жөніндегі жарлығы шықты.

Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. 

Бұған дейін Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасы ұсынылған еді.

Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновты тағайындау үшін депутаттардың келісім беруін сұрады.


#ҚР Президенті, #тағайындау, #Үкімет, #Премьер- Министр