Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Құрылтай 51 қаралымabaidan.kz

Абай облысында «Жас сайлаушылар мектебі: сайлау мәдениеті» тақырыбында кездесу өтті

Абай облысында «Жас сайлаушылар мектебі: сайлау мәдениеті» тақырыбында кездесу өтті

Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жас сайлаушылар мектебі: сайлау мәдениеті» тақырыбында кездесу өтті. Басқосуға Абай облысының жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен мамандары, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенді жастар және жас сайлаушылар клубтарының мүшелері қатысты. Мақсат – жастардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыру, сайлау мәдениетін қалыптастыру және олардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына ықпал ету.

Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаевтың айтуынша, жас сайлаушылар мектебі өткен жылы аумақтық сайлау комиссиясымен бірлескен келісім аясында қолға алынған.

– Жобаның басты мақсаты – жастардың саяси және құқықтық сауаттылығын арттыру. Біз бұл бағыттағы жұмысты тек сайлау науқандары кезінде ғана емес, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Жастар Конституцияны, заңнаманы жақсы біліп, қоғамдық-саяси үдерістерге саналы түрде қатысуы қажет. Сондықтан бүгін аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері мен республикалық деңгейдегі спикерлердің қатысуымен жас сайлаушылар клубының жұмысын бастадық. Бұл бастама Семей қаласымен ғана шектелмей, облыстың барлық ауданында жалғасады, – деді Олжас Бейсенбаев.

Жиында қатысушыларға сайлау заңнамасындағы негізгі талаптар түсіндіріліп, азаматтардың сайлау процесіндегі құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар жастардың байқаушы, сенім білдірілген тұлға ретінде сайлау үдерісіне қатысуының маңыздылығы айтылды.

«Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қуаныш Молдақашевтың сөзінше, жас сайлаушылар клубы өткен жылдан бері өңірлік сайлау комиссияларының жанынан жұмыс істеп келеді.

– Жас сайлаушылар клубының негізгі мақсаты – жастарға сайлау мәдениетін түсіндіру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі кездесуде алдағы саяси науқандар қарсаңында сайлау заңнамасының талаптары түсіндіріліп, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының өкілдері мен белсенді жастардың қатысуымен пікір алмасу ұйымдастырылды, – деді Қуаныш Молдақашев.

Кездесу барысында қатысушылар сайлау мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін күшейту мәселелерін талқылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас сайлаушылар мектебі» жобасы алдағы уақытта Абай облысының қала-аудандарында жалғасын табады.