Қазақстанда азаматтардың дауыс беруіне көмектесетін онлайн-сервистер іске қосылады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы сервистердің арқасында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың тіркелген мекенжайын тексере алады. Бұл оны сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажет. Ол үшін азамат міндетті түрде тиісті жазбаша өтініш беруі тиіс.
ОСК отырысында таныстырылған екінші сервис тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша уақытша тіркеуді рәсімдеуге мүмкіндік береді. Екі сервис те қазақстандықтардың сайлау құқығын толық жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.
– eGov порталы арқылы сервиске қол жеткізу құқығы берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың жазбаша өтініші негізінде оның тұрақты тіркелген жері туралы мәлімет ала алады. Егер азаматтың тұрақты тіркеуі тиісті сайлау учаскесінің аумағында орналасқаны расталса, комиссия оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Бұл сервис 5106 сайлау учаскесінде қолжетімді болады.
Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында дауыс беру күні оларды сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша уақытша тіркеуге рұқсат беріледі, – деді Мұхтар Ерман.
Отырыс барысында азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермеу және бақылау тетіктеріне де ерекше назар аударылды. Аталған жобалар Орталық сайлау комиссиясы, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген. Дауыс беру барысында қазақстандықтар бес жыл мерзімге 145 Құрылтай депутатын сайлайды.
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған сайлау бюллетенінің үлгісін де таныстырды.
Сондай-ақ ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында студенттердің сайлаушылар тізімін нақтылауды тапсырды.
Бұған дейін ОСК жеті саяси партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін тіркеген болатын.
Бір депутаттық орынға шамамен төрт кандидаттан келеді. 23 шілде күні сағат 18:01-де партиялардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталып, жеті саяси партияның барлығы өздерінің сайлауалды штабтарын ашты.
Сонымен қатар ОСК сайлау бюллетеніндегі партиялардың орналасу ретін бекітіп, дауыс беру күні сақталуы тиіс маңызды тыйымдар туралы еске салды.
Құрылтай сайлауы алдында дауыс беру куәлігін (есептен шығару куәлігін) қайдан алуға болатыны туралы ақпаратты тиісті материалдан оқи аласыз.





