Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары көптен күткен нысанның ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, жұртшылықты қуанышты оқиғамен құттықтады, - ,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын спорт кешені ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасайды. Нысан құрамында әмбебап спорт залы, жаттығу залы, күрес залы, медициналық кабинет, әкімшілік және тұрмыстық бөлмелер бар. Мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, фитнес және күрес секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылған. Спорт кешені бір мезетте 46 адамды қабылдай алады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли өңірде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Баршаңызды жаңа спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған спорт кешені – осы мемлекеттік саясаттың өңірімізде жүйелі жүзеге асып жатқандығының айқын дәлелі», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта Ақсуат ауданында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Соңғы бір жыл ішінде берілген уәделер кезең-кезеңімен орындалып, жаңа нысандар халық игілігіне ұсынылуда.

«Биыл Ақсуат ауданында қатарынан екі спорт нысаны ел игілігіне берілді. Оның алғашқысы осы жылдың ақпан айында Екпін ауылында пайдалануға берілсе, бүгін міне, Ойшілік ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жерде Ойшілік ауылының және жақын маңдағы елді мекендердің 1200-ге жуық тұрғыны волейбол, футбол, баскетбол және күрес секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік алады. Ғимарат жанында футбол, баскетбол алаңдары бар. Мұнда тек аудан емес, облыс көлеміндегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар. Жаңа спорт кешені жас спортшылардың жеңістеріне жол ашып, ауданымыздан республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын чемпиондардың шығуына септігін тигізсін», – деді Берік Уәли.

Жобаны жүзеге асыру барысында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аударылған. Ғимарат заманауи өрт дабылы жүйесімен, бейнебақылау құралдарымен, жарықтандыру және инженерлік желілермен толық жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына арналған пандустар орнатылған.

Спорт кешенінің аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылған. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйелері, велосипед тұрағы және шағын сәулеттік нысандар орналастырылған. Бұл ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

Жаңа спорт нысанының ашылуына орай ауылда волейболдан «OISHILIK CUP» облыстық турнирі ұйымдастырылды. Додаға облыстың әр өңірінен келген сегіз команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнир ауыл спортының дамуына серпін беріп, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.

Ойшілік ауылында пайдалануға берілген жаңа спорт кешені өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге қызмет ететін маңызды нысан болмақ.


#Абай облысы, #Ақсуат ауданы, #спорт кешені