Аймақ басшысы Қоянбай ауылына барды

Аймақ басшысы Қоянбай ауылына барды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы жұмыс сапарында Қоянбай ауылындағы бірнеше нысанның жұмысымен танысты, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қоянбай – Ресейдің Алтай аймағымен шекарада орын тепкен, ауданның ең шалғайдағы елді мекендерінің бірі.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру бағдарламасымен салынған медициналық пунктке барды. Денсаулық сақтау нысаны елді мекеннің 400-ге жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. Ғимаратқа қажетті жабдықтар жеткізілген. Облыс әкімі медициналық нысанның ауыл халқы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, дәрігер мамандарға тиісті жағдай жасауды, баспанамен қамту мәселесіне назар аударуды тапсырды. 

Аймақ басшысы «Қоянбай» шекаралық бақылау бөлімшесінің жұмысымен де танысты. Бұл бөлімше арқылы көрші мемлекеттен жүк көліктері өтеді. Ресейдің Алтай аймағы мен Бесқарағай ауданының тұрғындары осы бекет арқылы қатынайды. Аудан тұрғындары мен қонақтар жазда көрші мемлекет аумағындағы демалыс орнына барады. Бақылау бөлімшесі өкілінің айтуынша, мұндағы көлік қозғалысы әсіресе жазда жанданып, қыста бәсеңдейді. 

Аудан әкімі облыс басшысына Қоянбай ауылынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 8 шақырым қара жолға асфальт төсеп, бақылау бөлімшесінің қызмет аясын кеңейтуді ұсынды. Аймақ басшысы мұны жан жақты зерттеп, ең әуелі экономикалық тұрғыдан тиімділігін зерделеуді тапсырды. 

«Жол салу мәселесін кеден бекеті ашылған жағдайда ғана қарастыруға болады. Бұл - Үкіметаралық келісім арқылы шешілетін мәселе. Қазір біз шекаралық аймақтағы халық санын тұрақтандыруға, тұрғындарға тиісті жағдай жасауға көңіл бөлуіміз керек» деді облыс әкімі.


#Абай облысы, #Бесқарағай, #Абай облысының әкімі, #Берік Уәли