Абай облысында биыл егіс алқаптарын әртараптандыруға, өнімділікті арттыруға, техника паркін жаңартуға және шаруаларды мемлекеттік қолдауға басымдық берілді. Қазір өңірде егін жинау және қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 790,9 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8,8 мың гектарға артық.
Егіс құрылымында да өзгеріс бар. Майлы дақылдардың көлемі 368,7 мың гектарға дейін ұлғайса, дәнді дақылдар 275,6 мың гектарды құрады. Бидай алқабы 22,5 мың гектарға қысқарып, 211,6 мың гектарға түсті. Оның орнына экспорттық әлеуеті жоғары майлы дақылдарға басымдық берілген.
Нәтижесінде биыл майлы дақылдардан 530,9 мың тонна өнім алу болжанып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 481,9 мың тонна болған.
14 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 190,5 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жоспарланған алқаптың 69,1 пайызы. Бастырылған астық көлемі 193,7 мың тонна, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады.
Картоп пен көкөніс-бақша дақылдарын жинау да жалғасуда. Бүгінде 2,6 мың гектар картоп алқабынан 55,5 мың тонна өнім алынды. Көкөніс-бақша дақылдарынан 68 мың тонна өнім жиналды.
Егінмен қатар, мал қыстағына дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2026-2027 жылдардағы қысқы кезеңге 1,21 млн тонна шөп дайындау жоспарланған. 10 қыркүйектегі мәлімет бойынша оның 1,15 млн тоннасы, яғни жоспардың 95 пайызы әзірленді. Сондай-ақ пішендеме, сүрлем, сабан және құнарлы жем дайындау жұмыстары жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде техника мен ресурс мәселесі де маңызды. Биыл егін жинау жұмыстарына 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 жатка тартылған. Мемлекеттік қолдау арқылы аграршылар 394 бірлік жаңа техника сатып алды. Жыл соңына дейін тағы 700 техника алу жоспарланып отыр.
Шаруаларға қаржылай қолдау көрсету де жалғасуда. Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға биыл 3,6 млрд теңге бөлінді. Ал «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 205 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 14,1 млрд теңге несие берілді.
Өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін ұлғайту көзделген. 2026 жылға белгіленген 82,9 мың тоннаның 76,6 мың тоннасы жеткізілді. Ғылыми қажеттілік көлемі 125,5 мың тоннаға бағаланып отыр.
Жалпы, биылғы егіс науқаны Абай облысының аграрлық секторында құрылымдық өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді. Дәнді дақылдар көлемі қысқарғанымен, майлы дақылдардың өндірісі артып келеді. Ал егінді уақытылы жинау, сақтау, техниканы жаңарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану – өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуы үшін негізгі міндеттердің бірі.





