Абай облысында егіс көлемі 753 мың гектарға жетті

Абай облысында егіс көлемі 753 мың гектарға жетті

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Абай облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникацияляар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.

– Биыл егіс көлемі 753 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі майлы, дәнді және мал азығы дақылдарына тиесілі. Бұрынғыдай бидай алқаптары емес, енді жоғары табыс әкелетін дақылдар егіле бастады. Бұл өңірдегі өңдеу кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.

Ертай Қуанбаевтың айтуынша, көктемгі егіс науқанына қажетті 46 мың тонна тұқым толық дайын. Оның ішінде элиталық және гибрид тұқымдардың үлесі артып келеді. Бұдан бөлек, тыңайтқыш қолдану деңгейі алғаш рет 39 пайызға жеткен.

– Бұрын тыңайтқыштар тек 5 пайыз шамасында ғана пайдаланылатын. Қазір бұл көрсеткіш бірнеше есеге артты. Бұл өз кезегінде өнім сапасы мен көлеміне оң әсерін тигізеді. Биыл 63 мың тонна тыңайтқыш қолдану жоспарланған, – деді спикер.

Көктемгі дала жұмыстарына арналған техника да толық дайын. 7 мыңнан астам трактор мен 300-ден астам егіс кешені науқанға жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, 27 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінген.

– “Кең дала” бағдарламасы аясында шаруаларға төмен пайызбен несие берілуде. 2024 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі бірнеше есеге ұлғайтылды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 9,5 пайызға дейін жеткізіледі, – деп қорытындылады Ертай Қуанбаев.


#Абай облысы, #Ауылшаруашылық