Абай облысында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу шаралары жүргізілуде

Абай облысында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу шаралары жүргізілуде

Биылдан бастап Абай облысында балалардың терезеден құлауына байланысты үш жағдай тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев баяндады.

 Екі бала 5-қабаттан, ал бір бала балконнан құлап, түрлі жарақат алды. Қуанышқа орай, олардың өміріне қауіп төнген жоқ, алайда бастарынан жарақат алып, дереу медициналық көмек көрсетілді. Ата-аналардың екеуі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, – деді спикер.

Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері білім беру ұйымдары мен елді мекендерде 300-ге жуық түсіндіру дәрісі мен 75 кездесу ұйымдастырылған.

Терезеден құлау фактілері: ата-аналарға ескерту және техникалық қауіпсіздік талаптары

Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Алексей Штыкельдің мәліметінше, 2022 жылдан бастап өңірде балалардың терезеден құлауына байланысты 32 жағдай тіркелген. Оның үшеуі – биылғы жылы орын алған.

– Бұл оқиғалар көбіне ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы және жиһаздың терезе маңына дұрыс қойылмауы салдарынан орын алады. Мұндай жағдайлар Қылмыстық кодекстің 119-бабы – «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін іс-әрекет» бойынша қарастырылуы мүмкін, – деп атап өтті Алексей Штыкель.

Терезе қауіпсіздігіне қатысты талаптар қолданыстағы техникалық регламенттер мен құрылыс нормаларында нақты белгіленген. Биылдың өзінде 1 500-ден астам адамды қамтыған түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, терезе маңында қорғаныш торлар орнату сынды қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.


#заң, #Абай облысы, #Полиция