Жаңа жылға дейін және кейін ет бағасы өсе ме: Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

Жаңа жылға дейін және кейін ет бағасы өсе ме: Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтt брифингте азық-түлік, әсіресе ет бағасы өсе ме деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап, abaidan.kz хабарлайды.  

Журналистердің айтуынша, қазір интернетте азық-түлік бағасының өсуі мүмкін деген тақырып жиі талқыланып жатыр, тіпті 20%-дан астам қымбаттауы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Осыған байланысты олар министрден бұл алаңдаушылық қаншалықты негізді және Жаңа жыл алдында және жаңа жылдан кейінгі ет бағасы қалай өзгеретіні туралы сұрады.

"Сыртқы нарықта сұраныс өсті. Баға сәл көтерілді, қазір тұрақтанып келеді. Статистика бойынша орташа баға 3249 теңге. Бүгін таңертең, кеше мен дүкендер мен базарларға жіберіп, суреттерін алдырдым. 3,5–3,6 мың теңге, кей жерлерде 4, 4,3–5 мың теңге – бұл премиум санаттағы ет, яғни малдың арнайы бөліктері. Ал жалпы орташа баға тұрақты және әзірге сол деңгейде сақталады. Алдын ала болжам жасамаймыз. Бірақ менің ойымша, бағаны осы деңгейде ұстап тұруға тырысамыз. Неліктен? Себебі біз қазір тірі малды экспорттамаймыз, ал ет экспортына квота қойылған. Сондықтан ешқандай мәселе болмауы тиіс", - деді министр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі  Аманғали Бердалин бүгінгі таңда киік еті шектеусіз сатылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық сою пункттерінде ветеринарлық бақылау жүргізіп отыр.

"Бүгінгі таңда сатуға шектеу қойылған жоқ. Біз аурудың бар-жоғын бақылап отырмыз. Әзірге ешқандай қауіп анықталған жоқ. Сондықтан ет еркін сатылып жатыр, ешқандай шектеу жоқ", - деді вице-министр.

Журналистер одан киік еті супермаркеттерде сатыла ма деп сұрады.

"Иә, иә, сатылады", - деп жауап берді Бердалин.


#Ауылшаруашылық