ІІМ қызметкерлері 2023 жылы хабар-ошарсыз кеткен ер адамның жоғалуына қатысты қылмыстың мән-жайын анықтады.
2023 жылдың қыркүйек айында полицияға күйеуін іздестіруге көмек сұрап әйел адам жүгінген. Оның айтуынша, жұбайы жұмыс істеу үшін үйінен кетіп, содан кейін байланысқа шықпай қойған.
Жүргізілген іздестіру іс-шараларына қарамастан, сол кезде ер адамның жүрген жерін анықтау мүмкін болмады. Алайда оны іздестіру жұмыстары тоқтатылған жоқ.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Белгілі болғандай, ол аталған кісі өлтіру қылмысын жасағаннан кейін басқа қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген.
Қосымша кешенді жұмыстардың нәтижесінде күдікті өз кінәсін мойындап, қылмыстың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады және ер адамның мәйітін жасырған жерді көрсетті.
Қазіргі уақытта айыптау актісімен бірге қылмыстық іс сотқа жолданды.
ІІМ өткен жылдардағы қылмыстарды ашу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Әрбір қылмыс құқықтық бағасын, ал кінәлілер лайықты жазасын алуы тиіс.
Жазаның бұлтартпастығы қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.




