Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Бесқарағай ауданы 32 қаралымabaidan.kz

Бесқарағайда әлеуметтік-экономикалық даму және өзекті мәселелер талқыланды

Бесқарағайда әлеуметтік-экономикалық даму және өзекті мәселелер талқыланды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кездесу барысында ауданның инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, білім, медицина, тұрғын үй және цифрландыру салаларындағы жобалар сөз болды.

Жиында алдымен Бесқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан ауданның 2025–2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Аймақ басшысы өз сөзінде өңір экономикасының негізгі көрсеткіштерін атап өтіп, ауданда жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаларға назар аударды.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тірегі

Бесқарағай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 16,9 млрд теңгені құрады. Биыл ауданда 67,5 мың гектар жерге егіс егілді. 9 қыркүйектегі мәлімет бойынша 12,4 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналып, 11,5 мың тонна астық бастырылған.

Аудан шаруалары биыл 38 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Сонымен қатар жыл соңына дейін жалпы құны 11,3 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асырып, 185 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Қазір «Qazaq Onimi» компаниясының 416 гектар аумаққа суару жүйесін орнату жобасы іске қосылды. Жобаның құны – 720 млн теңге. Нәтижесінде 10 жаңа жұмыс орны ашылды.

Инфрақұрылымға басымдық берілуде

Ауданның елді мекендеріндегі инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Морозовский орман шаруашылығы, Жыланды, Мостик, Башкөл және Малая Владимировка ауылдары орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Кривинка мен Глуховка ауылдарында су жүйесінің құрылысы жалғасып жатыр. Ал Канонерка, Бозтал және Белокаменка ауылдарында су құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде.

Бес ауылда көше жарықтары жаңартылды. Кривинка, Жетіжар, Долон және Бөдене ауылдарында жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын 8 көше жөнделді. Сондай-ақ «Канонерка – Белокаменка» автомобиль жолының 8,5 шақырымын жөндеу басталды.

Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді. Мұнда 20 екіпәтерлі тұрғын үй, яғни жалпы 40 пәтер салу жоспарланған.

Білім мен денсаулық сақтау саласына да қолдау бар

Ауданда білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 9 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 7 шағын жинақты мектепке 12 мамандандырылған кабинет жабдықталды. Ал «Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Бесқарағай шығармашылық үйі заманауи кабинеттермен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге ауданның төрт мектебіне жаңа автобус беріледі.

Медицина саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді. Аудандық ауруханаға 22,2 млн теңгеге жаңа медициналық техника сатып алу жоспарланған.

Кездесу барысында ауданның медициналық ұйымдарына көлік құралдары да табысталды. Атап айтқанда, 1 JAC Sunray және 2 «ГАЗель-NEXT» санитариялық автокөлігі берілді.

Туризм әлеуеті артып келеді

Бесқарағайдың туристік әлеуетін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Шипалы көл аумағындағы санаторийге электр желісін тарту жұмыстары қолға алынған.

Ескі бекініс ауылындағы «KISLOROD» демалыс базасында туристік және балық шаруашылығы бағыттары қатар дамытылуда. Сонымен бірге «Zhylandy Eco Village» демалыс базасын кеңейту жоспарланған.

Бесқарағай ауылында бассейн, ал Ерназар ауылында спорттық модуль салынуда. Ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында кітапханалар базасында 56,2 млн теңгеге «Жаңа клуб» комьюнити-орталықтарын құру жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ауылдарға интернет тарту жұмыстары жалғасады

Ауданның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. «Қазақтелеком» АҚ 2026–2027 жылдары Бесқарағай ауданының 21 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 12 ауылда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар «Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай» автожолының бойына 3 антенна-діңгек құрылғысын салу көзделген.

Тұрғындардың мәселесі – басты назарда

Кездесуде облыс әкімі Берік Уәли атқарылған жұмыстармен қатар, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажеттігін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін Бесқарағай ауданына арнайы келіп отырмыз. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, халық үшін аса өзекті мәселелер, жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту және ауылдарды жарықтандыру мәселелері ерекше назарда», – деді облыс әкімі.

Берік Уәлидің айтуынша, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, оқушылардың орын тапшылығын азайту және басқа да маңызды мәселелер бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

«Сіздер көтеретін әрбір мәселе – біздің ортақ міндетіміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кері байланысты нығайтып, өңірдің барлық аумағын тең дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Облыс тұрғындарының қолдауы мен белсенді азаматтық ұстанымы – Бесқарағай өңірі дамуының негізгі кепілі», – деді ол.

Кездесу соңында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Сондай-ақ аймақ басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы және мектепке дейінгі білім беру саласына қатысты мәселелер көтерілді.