Облыс әкімі Бородулиха ауданының Красный Яр ауылындағы жағдайды бақылады

Облыс әкімі Бородулиха ауданының Красный Яр ауылындағы жағдайды бақылады

Кеше, кешкі сағат 20:35-те Үбі өзеніндегі мұз кептелісінен су деңгейінің көтерілуіне байланысты Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылындағы өзенге жақын бір көшенің аула аумақтарын су басу қаупі туындаған еді.

Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар, жедел құтқару жасағы мен полиция бөлімшелерінен барлығы 123 адам және 39 техника, оның ішінде 3 жүзу құралы ауылға шоғырландырылды.Қауіптің бетін қайтару жұмысы жалғасуда.

Кеше қауіпсіздік мақсатында ауылдағы өзен жағасына жақын көшенің 26 тұрғыны өз еріктерімен мектепке уақытша орналастырылды.

Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аулаларын су басуы мүмкін тұрғындардың малдарын басқа шаруа қожалықтарына жеткізді.

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін, таңертең ерте Бородулиха ауданына арнайы келді.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Манарбек Шапағатовпен бірге әуелі Үбі өзеніндегі су деңгейін тікұшақ арқылы әуеден бақылады. Содан кейін ауылға келіп, жедел штабтың жиынын өткізді.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев пен аудан әкімі Айдар Ибраев аймақ басшысына ахуалды баяндады. Аудан әкімінің айтуынша, елді мекендегі өзен жағасына жақын 30 шақты үйдің ауласына су кірген.

Елді мекенде жедел штаб құрылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етеді. Үбі өзеніндегі мұз кептелісін жойып, су арнасын толық ашу үшін мұз жару жұмысы жүргізілуде. 

Ауылдағы басқа аулаларға судың кіруіне жол бермес үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысы тиісті орындарға жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

"Красный Яр - аудандағы жыл сайын су басу қаупі төнетін ауылдардың бірі. Елді мекендегі жағдайды кешеден бері жеке бақылауымда ұстап отырмын. Аудан әкімі мен тиісті құрылымдарға тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізуді, жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырамын. Мұз жару жұмысын кешке дейін аяқтау қажет" деді аймақ басшысы.


#Абай облысы, #ТЖД, #Бородулиха ауданы, #су тасқыны