Абай облысында түлектердің қауіпсіздігі  қатаң қадағаланады

Абай облысында түлектердің қауіпсіздігі қатаң қадағаланады

 24 мамырда  облыс мектептерінде «Білімім – Отаныма!» жалпы  бірыңғай тәрбие сағаты өткізіледі. Іс-шараларды өткізу тұжырымдамасы бойынша биылғы жылы соңғы қоңырауды өткізу 2 күнге жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Макия Әмірханова мәлімдеді.

  • - Сынып  сағатының концепциясы мен сценарийін барлық облыс  мектептеріне жіберілді. Тәрбие сағаты сағат 9.00-де бір мезгілде басталады. Облыстың барлық мектептерінің әр сыныбы жалпы  бірыңғай сынып сағатына қатысады. Іс-шараға ата-аналардың қатысуы маңызды. Әр баланың жақсы қасиеті, үлгілі істері, ерлік көрсеткен тұстарына ерекше назар аударылып, марапаттау  рәсіміде жүргізіледі.  Сонымен қатар 9, 11 сыныптың түлектері үшін «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында  мектеп қабырғасындағы балалық шақтан болашаққа қадамы туралы өз ойларын эссе жазады, - деп атап өтті Макия Әмірханова.

Маман түлектерге арналған салтанатты іс-шаралар тек мектеп қабырғасында немесе оның аумағында өтуі керек екенін де айтты.

  • - Мерекелік іс-шараларға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға тыйым салынады. Бұдан басқа, мерекелік түскі астарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойынша экскурсиялар жүргізуге, әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлық ретінде қаражат жинауға жол берілмейді. Салтанатты іс-шараны бақылау және өткізу үшін жауапкершілік ұйым басшыларына, білім бөлімдерінің, облыстардың білім басқармасының басшыларына жүктелген. Сонымен қатар, 9,11 сыныпқа арналған мемлекеттік бітіру емтиханы 28 мамырдан басталып, 11 маусымда аяқталады, - деді спикер.

Соңғы қоңырау кезінде түлектердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында әрбір оқу орнына білім бөлімі мен полиция басқармасының қызметкерлері бекітілді. Патрульдік нарядтар мен білім бөлімінің қызметкерлері іс-шаралар өткізілетін, халық көп жиналатын орындарда (Орталық алаң, Орталық саябақ, Ертіс жағалауы, көпір маңы аумақтары) болмақ.

  • - Мектептердегі "Соңғы қоңырау" аяқталғаннан кейін көптеген түлектердің іс-шараларды өз бетінше жалғастыруын алдын алу мақсатында, Семей қаласы мектептерінің әкімшілігі мектеп ауданында және оған іргелес аумақта кезекшілікті жүзеге асырады. Семей қаласының білім бөлімі әкімдікпен, ІІБ, ТЖ-мен бірлесіп мектеп директорларымен соңғы қоңырауға арналған іс-шараларды өткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Мектеп бітіруші сыныптардың және кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының қарауынсыз ойын-сауық орындарына баруына тыйым салу туралы, сондай-ақ қалада жүру үшін лимузиндерді пайдалануға тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды, - деп толықтырды Семей қаласының білім бөлімі басшысының орынбасары Ғалия Нұрғалиева.

#Абай облысы, #Білім, #түлектер