Абай облысындағы мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастап кетті
Биыл облыста жаз мезгілінде жұмыс атқаратын 9 сауықтыру лагеріне 4669 бала қамтылмақ. Абай облысының білім басқармасы және облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен мектеп жанындағы лагерьлерге пресс-тур өтті,деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі.
Абай облысының 2024-2026 жылдарға арналған жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Жазғы кезеңде 10450 баланы қамтитын 120 мектеп жанындағы лагерь және 299 бейіндік алаңдары, оның ішінде қосымша білім беру ұйымдарында, мәдениет үйлерінде және балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейді. Онда 79438 баланың бос уақыты ұйымдастырылады. Бұл туралы пресс-тур аясында Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нускенова айтты.
- Жазғы кезеңде 24 қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жоспарлануда, онда алдын ала деректер бойынша 3 ай ішінде жалпы қамту 17800 баланы құрайды. Аула клубтары мен туризм орталықтарының тәрбиеленушілеріне арналған жаяу серуендер мен судағы жорықтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ аула футболының 1500-ден астам тәрбиеленушісі «Былғары доп» өңіраралық турниріне қатысады, - деп атап өтті Асем Нускенова.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау және балалар туризмін дамыту мақсатында өңірде «Тропа открытий» / «Жаңалықтар жолы» жаңа жобасы қолға алынған. Жоба аясында 1200 баланы қамтитын 80 өлкетану жасағы құрылып, олар аймақтың тарихи орындары мен көрікті жерлеріне баруға мүмкіндік алады.
- Осы жазғы демалыста Білім басқармасы Шәкәрім атындағы университетпен бірлескен «JAS AKADEMIK-2024» жазғы мектебін ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастырады, онда біздің 130 дарынды баламыз теориялық білімдерін тереңдете отырып, түрлі деңгейдегі олимпиадаларға дайындалу мүмкіндігіне ие болады,- деп қорытындылады Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Пресс-тур аясындағы алғашқы нүкте Семей қаласының Балалар мен жастардың шығармашылық сарайындағы «Жұлдыз» жазғы оқыту алаңы болды. Мұндағы жазғы оқыту алаңы 5,5 жастан 12 жасқа дейінгі 120 баланы қамтиды. Лагер тәртібі бойынша таңғы сағат 8.30-дан 18.00-ге дейін балалар оқыту алаңында болады. Күні бойы 10 үйірме мен секциялар, қызықты сабақтарға қатысады. Жоспарға сай лагерде хореография, вокал және бейнелеу өнері, авиамодельдеу және робототехника, дойбы, асық және спорттық ойындар, фитнес және үстел теннисі, қазақ тілі сияқты үйірмелер ұйымдастырылады екен. Сонымен қатар балалар күніне екі рет ыстық тамақпен тамақтанады.
Келесі меже - №32 жалпы орта білім беретін мектептегі «Достық» мектеп жанындағы лагері. Мектеп жанындағы лагерьде балалар демалысы 1 маусымнан 20 маусымға дейін (2 маусым) ұйымдастырылады. Әр маусымда 1-4 сыныптардан 250 бала өз демаласын өткізеді. «Достық» лагерінде балаларға арналған іс-шаралар «Алтын баллалық шақ» тұжырымдамасына сәйкес жоспарланған. Сондай-ақ орталықта 120 балаға арнайы ыстық тамақ беріледі екен.
Соңғы аялдама Бизнес және сервис колледжіндегі «Profi Camp» жазғы демалыс лагерімен таныстық. Колледж 8-14 жастағы балаларды кәсіби демалыс лагеріне қабылдайды. Лагерь бағдарламасы кондитерлік, аспаздық, тігіншілік, дизайн, шаштараз зертханаларында кәсіби шеберлік сабақтарын (этика сабағы, жылдам жасалатын тағамдарды дайындау, салқын батик, қағаз-пластик, лоскуттық фантазия, голливудтық әдіспен шаш бұйралау және т.б.), спорттық және шығармашылық алаңдардағы квесттер, байқаулар, рөлдік ойындар, викториналар (Достық күні, Спорт күні, Отбасы күні, Кітап күні және т.б.), күнделікті саяхаттар мен жорықтарға арналған. Сондай-ақ лагерьге келгендер «Жас аспаз», «Тәтті өмір», «Өз-өзіне стилист», «Сән және дизайн әлемі», «Біз туристпіз!» үйірмелерінде тәжірибелі оқытушылардың шебер-сыныптарына қатысуға мүмкіндік алады. Тағы бір айта кететіні, «Profi Camp» жазғы демалыс лагері үш маусым бойы оқушыларға үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етуде ұйымдастырған.