Рухани астана – даму жолында: Облыс әкімі Семей қаласының тұрғындарымен жүздесті

Рухани астана – даму жолында: Облыс әкімі Семей қаласының тұрғындарымен жүздесті

Бүгін Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.

Жиын алдында Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев 2024–2025 жылдарға арналған негізгі көрсеткіштерге тоқталып, қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. 

Одан кейін облыс әкімі Берік Уәли аймақтың даму барысы, инвестициялық ахуал, инфрақұрылым, тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларындағы өзгерістер туралы айтты. Абай облысына 11 айда 495,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 144,8 млрд теңгесі Семей қаласының үлесіне тиесілі. Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 98-ге дейін артып, тартылған инвестиция көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен.

-«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында өңірден шыққан кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен жалпы құны 336 млрд теңгені құрайтын 15 келісім жасалған. Соның ішінде Семей қаласында құны 31,7 млрд теңге болатын екі жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 5,7 млрд теңгелік «Pana Complex Semey» қонақ үй кешені пайдалануға беріліп, 105 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал «Aqniet Group» компаниясы 26 млрд теңгеге «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығын салуда. Бұл жоба іске қосылғанда 100 адам жұмыспен қамтылады,-деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ аумағы 96 гектар болатын «Өндіріс» индустриялық аймағында жаңа жобалар жүзеге асырылып, алдағы уақытта оның аумағын 186 гектарға дейін кеңейту жоспарланған. Семей қаласында жалпы құны 23,8 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.

-Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Биыл қаланы жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңартылып, 13,6 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған 33 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Семей қаласының Нахаловка, Бобровка және Березовский кенттері бар,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы ыстық суға қатысты өзекті мәселені щешуде ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Қала көшелерін жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілген. Биыл Семейде 52 көшеге орташа жөндеу жасалып, оның 36-сы алғаш рет асфальтталды. Сонымен қатар 40 аулаға асфальт төселіп, 35 аула абаттандырылды. Қарағайлы шағын ауданында жаңа саябақ ашылып, аспалы көпірдің жолы жөнделді. Қазіргі таңда көпірді күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асырылып жатыр.

Білім беру және әлеуметтік нысандар құрылысына да ерекше көңіл бөлінуде. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл Семей қаласында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар 500 орындық Оқушылар сарайы мен 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме ғимаратының құрылысы аяқталған.

Спорт саласында да ілгерілеу бар. «KazMinerals» ЖШС қолдауымен Семейдің жаңа ықшам ауданында 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Ұшақтар кентінде дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынуда.

Төрт сағатқа созылған кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, облыс әкіміне сұрақтарын қойды. Аймақ басшысы барлық ұсыныс-пікірлерді назарға алып, нақты жауаптар берді.

Кездесу соңында Берік Уәли Семей қаласының тарихи әрі рухани маңызын атап өтті.

– Семей – Алаштың рухани астанасы, қазақ ренессансының алтын бесігі. Осы құндылықтарды ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, Абай облысын құрды. Бүгінде Президент пен Үкімет тарапынан қолдау бар. Соның арқасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ілгерілеп келеді. Біздің басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, өңірді дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек.


#Семей, #Абай облысы, #Берік Уәли