Абайлық вундеркиндтер

Абайлық вундеркиндтер

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дегендей, қазір мектеп қабырғасынан ғылымның қыр-сырына қызығып қана қоймай, жаңалық ашуға ұмтылған қазақ баласының қатары артқаны қуантады. Бүгінгі ұрпақ буыны қиялындағы ізденісін өмірде қолданысқа енгізетін шеберліктері кімді де болсын, тәнті етпеске қоймайды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.

Әділдің шахмат тақтасы

Мәселен, Бесқарағай ауданы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Әділ Ерболов күн батареясы бар шахмат тақтасын жасап тың жаңалыққа түрен салды. Бұл ойын тақтасының ерекшелігі оқушылардың  зерде-танымын арттырып және техникалық қабілеттердің дамуына ықпал ететін кәдімгі шахматтан айырмашылығы тақтасының күннен тоқ алуында жатыр. 

Қызығы сол, шахмат ойнаған кезден-ақ тақта арқылы телефонды немесе кез-келген басқа құрылғыны қуаттап отыруға болады. Бұл шахмат тақтасы сыртқы қуат көздерінен емес, күн панельдерінен зарядталады және оны батареяларда сақтайды. 

«Маған идея шахмат турниріне қатысып, кезекті рет ойнаған кезде келді. Күн панелі арқылы телефонды қуаттаған өте ыңғайлы. Өйткені турнир уақыты көпке созылады, кейде таңертеңнен кешке дейін болуы мүмкін. Сол кезде ойыншының телефоны сөніп қалса, тақта арқылы телефонды қуаттауға болады»,-дейді Әділ. 

Жоба авторының айтуынша, тақта күн көзінде тұрғанда, күн сәулесі панельдерге түседі. Ондағы фотоэлементтер электрон бөледі. Ол сым арқылы батареяға барып жинақталады. Сосын платаға USB арқылы телефонды қосуға болады. 

Болашақта оқушы күн панельдері арқылы сағатты да қуаттап, ойынды толық автономды қылуды жоспарлап жүр. Ізденісі айрықша Әділдің бұл жұмысына информатика пәнінен дәріс беретін мұғалімі Максат Бекеш жетекшлік еткенін атап өткен абзал. 

 

Айымның «Аян мен Айшасы»

Ал, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының 11-сынып оқушысы Айым Серікбаева бейнелеу өнерінде өз өрнегін салып жүр. Жас суретшінің қазақи нақышта «Аян мен Айша» атты комикс жасап шығарған еңбегінен оның болашақта қазақтың атын әлемге танытатын талпынысы бары байқалады. Айым жасап шығарған туындыда оқушылардың басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттелген. Мәтіні бала санасын байытып, оқып-түсінуіне ыңғайлы қысқа да қызықты қалыпты жазылған.

Айым өз туындыларымен облыстық, республикалық стартап жобаларға қатысты. Әр сайыста жүлделі орындар иеленіп жүр. 

«Айым жасаған комикс күнделікті өмірдегі оқиғаларды баяндайды. Сонысымен де ерекші әрі қызықты. Сыныптастары қазақ тіліндегі заманауи баспаны аса қызығушылықпен оқиды. Әзірше екі бөлім шықты. Қатарластары келесі бөлімнің шыққанын қатты күтеді. Ол қол еңбегінен гөрі сурет салуға бейім.», - дейді жетекшісі еңбек пәнінің мұғалімі Сайрамгүл Жұмаділова. 

 

Кішкентай қылқалам шебері суреттерін салу барысында қарындаш қолданбайды. Жаңа туындысын қаламсаппен ақ параққа түсіреді. Ал комиксті экранға салып, басып шығарады. Кейіпкерлерінің есімін өз достарының аттарымен де атағаны да бір қызық, болмыстарын ашу үшін түрлі ерекшеліктерді қосқаны да сүйсінтеді.

Айым болашақта балаларға арналған телебағдарламаларда еңбек еткісі келеді. Өзі шығарған мультфильмдері арқылы жастардың рухани дамуына, білім көкжиектерінің кеңеюіне үлес қосуды армадайды. Сонымен қатар «Аян мен Айша» комиксін анимация ретінде шығару жоспарында бар. 

Әлидің шешендік өнері

Аягөз ауданындағы №10 қазақ мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Әли Мұхтарұлы - Ү республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының жеңімпазы. Ес білгеннен халық ауыз әдебиетінің мұраларымен сусындап, сөз өнеріне ден қойған ол өзі оқитын мектепте «Аягөз-Ділмар» шешендік үйірмесін ашқан. 10-сынып оқушысы үйірмеге жетекшілік жасап, ұйымдастыру жұмысына кірісіп кеткелі біраз болды. Қазір өз қатарластарына көркем сөйлеуді үйретіп жүр.

«Үйірмеде балалар көп кітап оқиды. Қазір кітаптарды көп талдап жүрміз. Балалар оқыған дүниесін талдау барысында сөйлеп үйренеді. Телефонда көп уақыт отырмайды. Көркем туындыларды оқыған сайын оқушылардың сөздік қоры молаяды»,-дейді шешен сөйлеуге баулытып жүрген жас үйірме жетекшісі. 

Әли Мұхтарұлы аптасына 2 мәрте сабақ береді. Үйірмеде аудандағы 45 баланың ішінен іріктелген 12 оқушы қатысып жүр. Олар сабақтан тыс уақытта кітап оқып, әр түрлі шығармаларды талдайды. 


#Абай облысы, #Білім, #Оқушы