Аға буын өкілдеріне арналған цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша оқыту курсы өтті

Аға буын өкілдеріне арналған цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша оқыту курсы өтті

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында аға буын өкілдеріне арналған оқыту курсы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Оқыту курсы Абай облысы Ішкі саясат басқармасы мен Цифрлық технологиялар басқармасының бастамасымен өткізілді. Кездесу барысында ардагерлерге цифрлық қауіпсіздік ережелері, интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері және олардан қорғану жолдары түсіндірілді.

Қатысушыларға электрондық мемлекеттік және қаржылық сервистерді пайдалану жолдары, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік негіздері туралы түсіндірілді. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері мен одан сақтану тәсілдері таныстырылды. Жасанды интеллект технологияларын күнделікті өмірде қолдану мүмкіндіктері де сөз болды.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдері мен қорғану жолдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Шараға Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары қатысып, практикалық кеңес берді.

— Қазіргі таңда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Мұндай кездесулер оқушылар, студенттер, медицина қызметкерлері және тұрғындармен жүйелі түрде ұйымдастырылады. Азаматтарды күмәнді қоңырауларға сенбеуге және жеңіл табыс ұсынатын хабарламалардан сақ болуға шақырамыз, — деді киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Ерназ Тұрлыбеков.

Іс-шара соңында қатысушылар тәжірибелік әрі түсіндіру сипатындағы кездесулерді тұрақты өткізу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы мұндай оқыту шаралары алдағы уақытта да жалғасады


#Цифрлық Қазақстан, #жасанды интеллект, #Ішкі саясат, #цифрландыру