Елімізде оқуға түсе алмаған түлектерге тағы да 10 мың грант бөлінеді
Қазақстанда ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинаса да, грантқа түсе алмағандарға қосымша 10 мың грант бөлінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап abaidan.kz хабарлайды.
Биыл бюджеттік орындарға былтырғымен салыстырғанда бақ сынағандар саны 11 мың үміткерге көп болған. Сондай-ақ грант төңірегінде дау туып, ҰБТ-дан жоғары балл алғандар су тасқынынан зардап шеккен аймақтың түлектеріне грант берілгеніне қарсы шықты.
“Төтенше жағдай аймағына жалпы гранттан бөлек грант бөлінуі керек еді. Бұл – әр баланың несібесі. Келесі жылы да үміткерлер көп болады. Сондықтан журналистика, менеджмент, ағылшын тілі, дүниежүзі тарихы сияқты мамандықтарға гранттар көбірек бөлінсе екен деймін”, – деді талапкер Назерке Қалжігіт.
Көктемде табиғи апат болған аймақтардың түлектеріне мемлекеттен барлығы 5 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқардың айтуынша, тиісті ведомство ықтимал салдары мен тәуекелдерді болжай алмаған.
“Жағдай екіұшты. Бір жағынан төтенше жағдайдағы аймақтардан келген балаларға көмектестік, екінші жағынан басқа балалардың құқығын таптадық. Енді олар сотқа бермек. Бұл – олардың құқығы. Мұндай соттар ұзаққа созылады. Мұның нәтижесі қандай болатыны да анық емес. Тіпті олар сотта жеңіске жетіп, министрлік оларға бұл гранттар үшін өтемақы төлеуі керек болса да, олар келесі жылдың бюджетінен түсетін шығар. Оған тиісті бөлім кінәлі. Оны неғұрлым анық және ашық ұйымдастыру қажет еді”, – деді мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек гранттардың басым бөлігін мемлекет үшін маңызды мамандықтарды таңдаған талапкерлер иеленетінін айтты.
“Биылдан бастап бізде жылу энергетикасы, су, орман шаруашылығы салаларындағы үлкен проблемаларға байланысты жылу энергетикасы, гидрогеология, ветеринария, ауыл шаруашылығы сияқты мамандықтарға қосымша гранттар бөлініп жатыр. Жоғары балл жинаған студенттердің толық тізімін ректорларымызға тапсырдық. Бұл – мықты және талантты студенттер. Қосымша 10 мыңға жуық грант бөлінеді”, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Министрлік арнайы байланыс орталығын іске қосты. Онда қосымша білім гранттары туралы барлық қажет ақпаратты ала аласыз. 10 мың гранттың 3 мыңын еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, 2 мыңға жуығын жұмыс берушілер мен "Қазақстан халқы" қоры, қалғанын облыс әкімдіктері бөледі.
Еске салсақ, желіде түлектер ЖОО-ға түсу грантының басым бөлігі су тасқынынан зардап шеккендерге берілгеніне қарсы шыққан еді. Олар петиция жариялап, министрлікті сотқа берді.