Қазақстанның цифрлық трансформациядағы стратегиялық бағыты: Президенттің тұжырымдары мен Шәкәрім университетінің рөлі
2026 жыл Қазақстан үшін ерекше маңызды жылдардың бірі болып отыр: бұл жылы елде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында "Туркістан" газетіне берген сұхбаты қазіргі қоғамда өзекті мәселелерге жан-жақты талдау жасап, еліміздің болашақтағы даму бағытын нақты көрсеткенін атап өту қажет. Бұл туралы Тілдік коммуникация кафедрасының меңгерушісі,Майра Сансызбайқызы пікір білдірді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды тек экономикалық немесе технологиялық жаңару құралы ретінде ғана емес, ұлттың өркениеттік таңдауы ретінде қарастырады. Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек, бұл стратегиялық мақсат әрі жаһандық бәсекеге жауап болмақ.
Президент әлемдік контексті нақты сипаттай отырып, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекенің бүгінгі халықаралық қатынастардың негізгі өзегі екенін атап өтті. Жасанды интеллект тек экономикалық құрал ғана емес, сонымен қатар геосаяси ықпал тетігіне айналған. Мысалы, Қытайда мыңдаған AI-компанияның жұмыс істеуі, АҚШ-та арнайы мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануы технологиялық жарыстың жүйелі сипат алғанын дәлелдейді. Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмауы қажет.
Елдің цифрлық әлеуеті мен жетістіктері нақты көрсетілген. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, финтех секторындағы табыстар, Astana Hub экожүйесінің қалыптасуы және IT-экспорт көлемінің бір миллиард долларға жуықтауы – бұл Қазақстанның цифрлық даму мүмкіндіктерінің бар екенін дәлелдейді. Сондай-ақ, CryptoCity және Alatau City жобалары елдің инновациялық эксперимент алаңы болуға ұмтылатынын көрсетеді.
Мемлекеттік саясат деңгейінде жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беріледі. Бұл бағытта жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің құрылуы, арнайы заңның қабылдануы, профильдік министрліктің ашылуы сияқты маңызды қадамдар жасалды. Сонымен қатар, Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлері деректерді өңдеу мен талдауда жаңа сапалық деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының «деректер – жаңа алтын» деген тұжырымы ақпаратты цифрлық экономиканың негізгі ресурсы ретінде бағалайтынын айқын көрсетеді.
Кадр даярлау мәселесі стратегиялық басымдық ретінде қарастырылған. AI-Sana бағдарламасы арқылы жүздеген мың студент білім алады, ал мамандандырылған зерттеу университетінің ашылуы ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған. Бұл Қазақстанның жасанды интеллектіні тұтынушы ғана емес, өндіруші елге айналу мақсатын айқын көрсетеді.
Шәкәрім университеті өңірлік инновациялық орталық ретінде елдің цифрлық даму стратегиясына маңызды үлес қосып келеді. Университетте жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары, цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған курстар мен ғылыми жобалар Президент жүктеген міндеттермен үндес. Тілдік коммуникация кафедрасының меңгерушісі Майра Сансызбайқызының айтуынша, университеттің білім беру және ғылыми-инновациялық қызметі Қазақстанның цифрлық державаға айналу жолындағы ұлттық миссиясының ажырамас бөлігі болып табылады.
Қорытындылай келе, Президенттің тұжырымдары бойынша жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар Қазақстанның экономикалық өсімімен қатар, ұлттық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып табылады. Мемлекеттік басымдық ретінде жарияланған бұл бағыт қоғам мен мемлекеттік аппаратты ортақ стратегиялық мақсатқа жұмылдырып, Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірде орнықты дамуына берік негіз қалайды.
#ҚР Президенті, #Білім, #жасанды интеллект, #Шәкәрім , #цифрландыру