Семей қаласының бір бөлігі жаз мезгілінде ыстық сумен қамтылады.
2026 жылы Семей қаласының бір бөлігі жаз мезгілінде ыстық сумен қамтылады. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтканов мәлімдеді.

Бүгінде облыста орталықтандырылған жылу жүйесімен Семей, Курчатов, Аягөз қалалары және бірқатар аудан орталықтары қамтылған. Өңірдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы төрт жүз шақырымнан асады, ал соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейі біршама төмендеді. Әсіресе Семей қаласында бірнеше жылу көзінде ауқымды жаңарту жүргізіліп, тозған құбырлар ауыстырылды.
Бұл тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік берді. Аягөз қаласында орталық қазандықтағы ескі агрегаттар заманауи әрі қуатты жабдықтарға алмастырылып, жылу қуаты арттырылды. Курчатов қаласы мен аудандарда да бірқатар жылу нысандары жөндеуден өтті.

Өткен жылы жылыту маусымына дайындыққа қомақты қаржы бөлініп, ондаған жылу көздері мен желілерде құрылыс және жаңғырту жұмыстары атқарылды. Әлеуметтік нысандардағы автономды қазандықтар да жөнделіп, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерінің қысқы маусымға дайындығы күшейтілді.
Мемлекет қолдауының арқасында республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражат өңірдегі жылумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталды.
Алдағы кезеңде облыс орталығының дамуын ескере отырып, жаңа қазандықтар салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жоспарланып отыр. Семей қаласында бірнеше ірі жоба іске асырылады, олардың қатарында қуатты арттыру және жаңа блокты-модульді қазандықтар орнату бар.

Сонымен қатар жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жалғасады. Курчатов қаласында жаңа қазандық салу арқылы жылумен қамту жүйесін күшейту көзделген. Аягөз қаласында және бірқатар аудандарда да жаңа қазандықтар орнату жоспарда бар.
-Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес жаз мезгілінде ыстық сумен қамтуды арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаз айларында бірқатар жылу көздері арқылы бірнеше шағынауданға ыстық су беріледі, алайда инфрақұрылымның тозуына байланысты кейбір нысандарда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі,-деді Раджан Сейтканов.
2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық үшін жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. 11 жылу көзінде жөндеу жұмыстарын жүргізу және 11,41 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланып отыр.
Негізгі назар магистральдық және кварталішілік желілерді кеңейтуге, тозған учаскелерді ауыстыруға және гидравликалық режимді тұрақтандыруға бағытталатын болады. Бұл шаралар жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жылу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.