Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір: ғалымдар Қазақстанда ғылым дамуын талқылады

Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір: ғалымдар Қазақстанда ғылым дамуын талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында ғылымды дамытуда түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Негізгі аспектілердің бірі – аймақтық ғылымды дамытуға баса назар аудара отырып, заманауи ғылыми зерттеу жүйесін құру қажеттілігі. Бұл ғылымды экономиканың нақты секторымен біріктіру және инновацияларды ынталандыру үшін маңызды. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Шығыс Қазақстан облысында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында Президиумның көшпелі отырысын өткізді. Қатысушылар тұрақты экономика мен қоғамды құруға неғұрлым бағытталған тәсілді қолдана отырып, жаһандық мәселелерді жергілікті контекст арқылы қалай шешуге болатынын талқылады.

Өңірлік инновациялық экожүйелер (ӨИЭ) тұжырымдамасының белсенді дамуы мемлекеттік және жеке секторларды ортақ міндеттер төңірегінде біріктіреді. Ғылым академиясы ғылыми әзірлемелерге басымдық беру үшін форсайт-зерттеулер жүргізуге баса назар аударады. Биыл 20-дан астам форсайт-сессия ұйымдастырылды, оған 400-ден астам ғылым және бизнес сарапшылары қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өңірлік ғылым өңірдің орнықты инновациялық дамуының негізі екенін атап өтіп, Қазақстанда ғылымның дамуына үлкен көңіл бөлінетініне назар аударды.

«Ғылым Академиясының негізгі міндеттерінің бірі – ғылымды дамытудың басымдықтарын айқындау мақсатында зерттеулер жүргізу. Осы жұмыс аясында біз Қазақстанның көптеген облыстарында ғалымдармен және индустриямен 20-дан астам өңірлік және салалық сессия өткіздік. Сондай-ақ, біз ғылым мен бизнестің 400-ден астам жетекші сарапшыларымен ашық талқылаулар мен сұхбаттар жүргіздік, көптеген жасырын мәселелер анықталды. Сонымен қатар, өңірлік Ғылым ең алдымен облыс экономикасын дамыту міндеттерін шешуге, өңірлерде жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге бағытталуы тиіс. Сондықтан Ғылым Академиясы болашақтың, өңірлік және салалық міндеттердің сын-тегеуріндерін шешуге бағытталған ПЦФ және мега-гранттар үшін нақты басымдықтар мен тақырыптарды айқындау міндетін қояды. Қазіргі уақытта біз 6 басым бағыт бойынша ғылыми зерттеулер жүргізудің 200 перспективалық тақырыбын анықтадық. Өңірлерде, Атамекен ҰКП-мен, салалық министрліктермен талқылау жүргізіп жатырмыз», - деді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.

Отырысқа Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының әкім орынбасарлары, Павлодар облысы әкімдігінің басқарма басшысы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академиктері, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, «Ғылым қоры» АҚ, «КАЗЦИНК» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты», «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ, «ҚР ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Өскемен титан-магний комбинаты»АҚ, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «PlasmaScience» ЖШС, ЖОО және ғылыми мекемелердің, өңірлік бизнес субъектілері мен индустрияның бірінші басшылары, өңірдің жетекші ғалымдары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

«Бүгін біз, ертеңімізді еселеп, ғылымға бой түзеп, келешек даму бағыттарымызды айқындау үшін арнайы жиналып отырмыз. Заман ауысып, дүние дидары күнде құбылғанымен, кез-келген өркениетті қоғамның арқа сүйер, жол бастар қозғаушы күші – ол ғылым! Хәкім Абай тілімен айтсақ, ғылым таппай мақтанбау үшін де, пайдасын көре тұра, қолымызды мезгілінен кеш сермемеу үшін де ғылым керек! Абай облысы – кешегі Қаныш Сәтбаевтар түлеп ұшқан, ғылыми мектебі қалыптасқан, өткені мен бүгінін сабақтастырып, озық технологияларды ғылыми айналымға қосып үлгерген іргелі аймақ. Әлеуметтік, гуманитарлық саладағы жетістіктерін былай қойғанда, келешегі өте зор, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – бейбіт атомды пайдалану, атом қуатын – ел қуатына айналдыру бағытында да өңір ғалымдары көш ілгері тұрғанын білесіздер. Сондықтан, Семейдің жоғары мектептері мен Курчатовтың қолданбалы ғылыми әлеуеті – аймақ үшін де, мемлекетіміз үшін де мол пайдасын келтіреді деп сенеміз», – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев.

Бүгінде Шәкәрім университеті, Семей медициналық университеті және Alikhan Bokeikhan University ғылыми зерттеулерге белсенді қатысады. Курчатов қаласының ядролық технологиялар саласындағы әлеуеті халықаралық деңгейде бұрыннан танылғанын атап өту маңызды. Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркі ядролық медицина орталығымен ынтымақтастықты қоса алғанда, әлемдік жобаларды әзірлеуге арналған алаң болып табылады.

«Бұл сала өңір үшін де, тұтастай алғанда ел үшін де ерекше маңызға ие. «Медициналық туризмді» дамытудың барлық алғышарттары бар. Біздің бейінді медициналық университетіміз «Семей ядролық полигонында ядролық қаруды сынау салдарынан радиациялық әсерге ұшыраған адамдардың екінші және үшінші ұрпақтарының денсаулық жағдайын бағалау» жобасын әзірледі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осындай маңызды жобаны іске асыруға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс енгізгім келеді. Абай облысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын өңірлік экономика мен ғылыми зерттеулерге енгізуді мақсат етіп отыр», - деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, IT саласында кадрлар даярлау үшін жағдай жасалуда. Сондай-ақ, облыс орталығында биыл IT-лицей салынды, бейінді IT-колледжі қайта жаңартылды. Университет жанындағы IT HUB «ABAI IT-valley» жұмыс істейді. Жалпы, облыс жасанды интеллектті пайдалана отырып, білім беру ортасына жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударады.

Отырыс аясында «Геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар» және «Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдік әлемін, экологияны тиімді пайдалану» бағыттары бойынша болжамның аралық нәтижелерін талқылау форсайт сессиясында ғалымдар өздерінің зерттеулері мен әзірлемелерін ұсынды.«Ғылым-бизнес» форматындағы сессияда коммерциализацияға дайын болашақты жобаларынұсынды. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыға салынды. Отырыста ғалымдар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, бизнес және қоғам өкілдері арасындағы диалог орнап, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, идеялармен бөлісіп, Қазақстандағы аймақтық ғылымды дамыту үшін бірлескен шешімдер әзірледі.

Көшпелі отырыс аясында өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылып, отырыс нәтижесі бойынша өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданды.


#Абай облысы, #Білім