ӨЗГЕРІС ПЕН ӨСУ ЖОЛЫ: ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІ

ӨЗГЕРІС ПЕН ӨСУ ЖОЛЫ: ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІ

Шәкәрім университеті бүгінде Абай облысының ғана емес, еліміздің жоғары білім беру кеңістігіндегі алдыңғы қатарлы көпсалалы оқу орындарының біріне айналып отыр. Тоқсан жылдық бай тарихы бар білім ордасы соңғы жылдары дәстүрлі даму шеңберінен шығып, білім, ғылым және басқару жүйесінде түбегейлі трансформация жолына қадам басты. Халықаралық байланыстары нығайған, стратегиялық бағыты айқын университет заман талабына сай сапалы білім беруді және отандық ғылымды дамытуды басты мақсат етіп отыр.

Осы өзгерістердің айқын көрінісі 24 желтоқсанда өткен Шәкәрім университеті Басқарма Төрағасы – ректоры Думан Орынбековтің 2025 жыл қорытындысы бойынша жария есебі болды. «The turning point – Бетбұрыс нүктесі» атауымен өткен бұл есептік кездесу форматы мен мазмұны жағынан университет тарихында ғана емес, еліміздің жоғары білім жүйесінде де жаңашыл қадам ретінде бағаланды.

Жиын дәстүрлі салтанатты кіріспесіз, тыныштық пен үзілістен басталды. Бұл – есептің философиясын айқындайтын символдық шешім еді. Ректор өз сөзінде университет атынан жауапкершілікті енді бір ғана басшы емес, тұтас ұжым арқалайтынын атап өтті. Басшылықтан бастап оқытушы, зерттеуші мен студентке дейін – әрбір мүше Шәкәрім университетінің трансформациясына тікелей жауапты. Есептің негізгі өзегі – мәдени трансформация болды. Университеттегі өзгеріс ғимараттар мен материалдық базадан емес, адамдардың ойлау жүйесінен басталғаны атап өтілді. Шешім қабылдау мәдениеті, жауапкершілік философиясы, ашық диалог пен тәуекелге бару дағдысы университеттің күнделікті басқару нормасына айналды. Осы арқылы Шәкәрім университеті сыни ойлау мен нақты нәтижеге бағытталған заманауи экожүйе ретінде қалыптасып келеді.

2025 жылғы есеп дәстүрлі слайдтар мен жалаң статистикаға негізделген баяндамадан бас тартып, жаңа форматта өтті. Университеттің топ-менеджмент құрамындағы әрбір басшы өз бағыты бойынша нақты жетістіктер мен нәтижелерді ортаға салды. Бұл – ашықтық пен ұжымдық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Ректордың айтуынша, 2024 жыл университет үшін тұрақтану кезеңі болса, 2025 жыл айқын өсудің бастауы болды. Университеттің жалпы кірісі 7,6 млрд теңгеден 8,5 млрд теңгеге дейін артса, ғылымға бөлінген қаржы көлемі 1,6 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге жетті. Ғылымнан түсетін кірістің үлесі бір жылда 40 пайызға өсуі – қаржыны тиімді басқару мен ғылыми әлеуеттің артып келе жатқанының дәлелі.

Университет бюджетінің 60 пайызы еңбекақыға бағытталып, адами капиталды дамытуға басымдық берілді. Ал инфрақұрылымға бөлінген 21 пайыздық инвестиция білім мен ғылымның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды.

«Бүгінгі есеп – Бетбұрыс нүктесі. Бұл – университет дамуының жаңа траекториясын қоғам алдында жауапкершілікпен қабылдау. Соңғы жылдардағы негізгі бағыттар бойынша жүйелі өсімге қол жеткіздік. Бұл олқылықтарды жою кезеңі аяқталып, болашақты айқындау кезеңі басталғанын білдіреді. Біз енді тәуекелді саналы түрде басқарып, жүйелі өсуді мақсат етеміз», – деді Думан Орынбеков.

Есептік кездесуде университет проректорлары да ғылым, инновация және білім беру салаларындағы негізгі жетістіктерді таныстырды. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде бірқатар жобалар интеллектуалдық меншік ретінде тіркеліп, университет ғылымының қолданбалы әлеуеті артқаны атап өтілді. Халықаралық серіктестіктер аясында шетелдік инвестициялар тартылып, заманауи зертханалармен жабдықталған ғылыми инфрақұрылым қалыптасуда. Қайта жанданған Агробиозертхана аграрлық ғылымды дамытудағы маңызды орталыққа айналып, нақты тәжірибелік зерттеулер жүргізілуде.

Шәкәрім университетінің бүгінгі беталысы – бұл жай өзгеріс емес, саналы түрде таңдалған даму жолы. Университет енді тек білім беретін мекеме ғана емес, идеялар тоғысатын, ғылым мен инновацияны ұштастыратын, жауапкершілігі жоғары заманауи академиялық орта ретінде қалыптасып келеді.


#Семей, #Абай облысы, #студент, #Шәкәрім