ПЕДАГОГТІҢ ӨМІР ЖОЛЫ: ТӘЖІРИБЕДЕН ТАБЫСҚА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІМЕН» КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Республика күні қарсаңында Абай облысында ардагер ұстаз бен студенттердің тағылымды кездесуі өтті. «Педагогтің өмір жолы: Тәжірибеден табысқа» іс-шараның құрметті қонағы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері, 51 жылдық еңбек өтілі бар Алма Шүкежанова болды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы Білім басқармаласының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесудің басты мақсаты – жас мамандар мен болашақ педагогтерге кәсіби даму жолында мотивация беру, педагогикалық қызметтің маңызын насихаттау және оларға тәжірибелі ұстаздардан кеңес алу. Іс-шараға 100-ге жуық студенттер мен жас мамандар қатысты және 400-ден аса мұғалім онлайн қосылды.
Алма Шүкежанова өзінің ұстаздық жолындағы жетістіктері мен қиындықтары туралы ой бөлісті. Ол жас мамандарға үздіксіз білім алудың, өз ісіне шынайы қызмет етудің және оқушыларға өмірлік бағдар көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Ардагер ұстаздың айтуынша, қазіргі заманның мұғалімі үнемі даму үстінде, жаңашылдықтарға ашық, өз ісіне толықтай берілген тұлға болуы қажет. Сонымен қатар қазіргі тұлғаны Адал азамат тұжырымдамасы арқылы қалыптастыру жайлы өз пікірін ортаға салды.
«Педагог мәртебесінің қоғамдағы беделі артып келеді, мұғалімдер өздерінің оқушыларға өмірлік бағдар көрсетудегі маңызды рөлін түсінуі керек. Қазіргі қоғамда мұғалімдер тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оқушыларды Адал азамат ретінде тәрбиелеу жауапкершілігін де атқарады. Адал азамат – бұл әділдікке, адалдыққа және қоғамдық құндылықтарға негізделген тұлға. Әрбір мұғалімнің міндеті – осындай азаматтарды қалыптастыруға үлес қосу»,- деп атап өтті ардагер ұстаз.
Іс-шара барысында педагогтердің қоғамдағы рөлі, оқушылардың өміріне тигізетін әсері бейнематериал арқылы көрсетілді. Қатысушылар тәжірибелі ұстаздан тәлім алып, өз кәсіби жолдарын қалай дамыту керектігі туралы құнды ақпараттарға қанықты. Ашық пікір алмасу кезінде жас педагогтер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Алма Шүкежанова жас ұстаздарға өз ақыл-кеңестерін беріп, болашақ педагогикалық жолдарында табыс тіледі.
Кездесудің түйіні ретінде «Толық адам» ілімінің негіздері талқыланып, қатысушылар естелік суреттерге түсіп, өзара жылы лебіздерін білдірді.