Семейде оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесі бойынша қалалық тәжірибе алмасу өтті
2025 жылдың 30 қыркүйегінде КММ «№40 жалпы орта білім беретін мектепте» «Мектептегі әскери-патриоттық тәрбие» тақырыбында қалалық тәжірибе алмасу іс-шарасы өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агентті “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Іс-шараға Семей қаласының мектептеріндегі «Жас сарбаз» сыныптарының тәрбиешілері мен бастауыш әскери және технологиялық дайындық пәнінің ұйымдастырушы-оқытушылары қатысты.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімі, Семей қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы және Абай облысының полиция департаменті өкілдері қатысты. Олардың қатысуы білім беру саласы мен күштік құрылымдардың жас ұрпаққа патриоттық және азаматтық тәрбие берудегі өзара ынтымақтастығының маңыздылығын айқындады. «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары көрермендерге әсерлі қоян-қолтық ұрыс элементтері мен саптық дайындық дағдыларын көрсетіп, өздерінің жоғары тәртібі мен ұйымшылдығын дәлелдеді. Іс-шара қонақтары үшін Жас жол инспекторлары үйірмесінің көрсетілім сабағы ұйымдастырылып, соңында қатысушыларды жігерлендірген «Ерлік сабағы» өткізілді. Онда оқушылар Отан алдындағы ерлік пен батылдықтың нақты мысалдарымен танысты.
Әскери-патриоттық тәрбие – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Ол оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, ел алдындағы парыз сезімін, әскери еңбекке құрмет пен Отанды қорғауға дайын болу қасиеттерін дамытады. Халқымыздың жауынгерлік дәстүрлері мен тарихи мұрасына негізделген мұндай тәрбие жас ұрпақтың мемлекетіміздің беріктігі мен бейбітшілігін сақтау жолындағы рөлін терең түсінуіне ықпал етеді.

Өткізілген іс-шара педагогтер мен әскери құрылым өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, әдістемелік тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Бұл — Қазақстанның жаңа буын патриоттарын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
#Семей, #Оқушы, #әскери, #"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы