Ұстаздар біліктіліктерін арттыруда

Ұстаздар біліктіліктерін арттыруда

Қазақ тілін оқыту үдерісі ел дамуының маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оны көптілді қоғам жағдайында тиімді меңгертудің жолдарын іздеу – әрбір педагогтың кәсіби міндеті. Осы орайда қазанның 20-31 аралығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған «Қазақ тілі мен әдебиеті (Т2) пәні педагогтарының пәндік және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбы бойыншаькурсы мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, жаңа мазмұндағы білім беру талаптарына бейімделуіне бағытталды.

Курс қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, яғни екінші тіл ретінде оқытатын педагогтарға арналды және олардың әдістемелік, коммуникативтік, цифрлық құзыреттіліктерін арттыруды көздеді. Бағдарлама білім беру мазмұнын жаңарту тұжырымдамасына сүйеніп құрылды және мұғалімдердің оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған инновациялық тәсілдермен жұмыс істеуін қамтамасыз етті.

Курс барысында мұғалімдер тілдік дағдыларды қалыптастырудың заманауи әдістерін, соның ішінде коммуникативтік, жобалық, сараланған оқыту тәсілдерін, сондай-ақ шығармашылық элементтерді тиімді қолдануды үйренді.

-Осы курста пән мұғалімдері өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, пәнді оқытудағы жаңа заманауи технологияларды, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланудың қыр- сырын жан-жақты талқылап, зерделедік. Курстың практикалық жағына өте жақсы мән берілген. Атап айтқанда педагогикалық жоба идеясы бойынша мұғалімдер топқа бөлініп, өздерінің қызықты және тың идеяларымен бөлісті. Курстан алған әсерім өте жақсы және өзімнің тәжірибемде керекті маңызды мағұлматтарды алдым,- дейді курсқа қатысушы мұғалім Гүлмираш Искакова

Педагогтар критериалды және қалыптастырушы бағалау ерекшеліктерін меңгеріп, оқушылардың жетістіктерін әділ бағалаудың тиімді жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, өз іс-тәжірибелеріне талдау жасап, Lesson Study және Action Research элементтері арқылы кәсіби өсу мен өзін-өзі жетілдіру дағдыларын қалыптастырды да меңгерді.

Біліктілікті арттыру курсына мол тәжрибелі ұстаздармен қатар жас мамандар да қатысты. Солардың бірі, Қ.Сәтпаев атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Інжу Бәтибаева

-Жас маман болғандықтан, бұл курс маған өте керемет әсер қалдырды. Курс барысында мен үшін ең пайдалы болған бөлім — практикалық сабақтар мен топтық талқылаулар. Әсіресе дағдылар, қалыптастырушы бағалау, кері байланыс беру әдістері, жобалау жұмыстары бойынша жаңа тәсілдерді меңгердім. Тренеріміз Дидар Еркінқызы кәсіби, тәжірибелі және әр сабақты өмірмен байланыстырып өткізді. Курстың мазмұны мен ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті.

Курс мазмұнының тағы бір маңызды бөлігі – цифрлық сауаттылықты арттыру болды. Мұғалімдер сабақ өткізу барысында Google Workspace, LearningApps т.б. заманауи платформаларды тиімді пайдалануды үйренді. Бұл құралдар сабақтарды тартымды әрі интерактивті форматта өткізуге, оқушылардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар курс қатысушылары жасанды интеллект пен нейротехнологиялардың білім беру үдерісіндегі рөлін зерттеп, заманауи цифрлық ортада еркін жұмыс істеу дағдыларын дамытты.

Курстағы тәжірибелік сабақтар топтық жұмыстар арқылы жүзеге асты. Қатысушылар топтық және жұптық жұмыстар атқарып, практикалық тапсырмалар орындады, пікірталастарға қатысты, тың жобалар қорғап, өзара тәжірибе алмасты.

Бұл курс нәтижесінде педагогтар қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында заманауи әдістерді тиімді қолдануды меңгерді, оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар құрастырып, өз тәжірибесіне кәсіби рефлексия жасауға дағдыланды.

Курсқа тек қала мұғалімдері ғана емес, Абай облысының аудандарынан да ұстаздар қатысты. 

-Курста алар асуым, бағындырар белесім, тың әдіс тәсілдер мол болды. Бір тренеріміз айтушы еді: Тойға барғанда қырық көйлекті қалай таңдап кисең, сол сияқты әдіс тәсілді де сабақта тиімді қолдану керек деп. Осы курста қай әдіс-тәсілді қай жерде қолдану керек екендігін және жаңашыл, тың әдіс-тәсілдермен өз қоржынымды толтырдым,-дейді Новая Шульба ауылы В.Костровский атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мұратбек Азанхан. 

Біліктілікті арттыру курстары мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін арттырды және үздіксіз ізденіс жолына жетелейді. Қазақ тілінде оқытпайтын метептердегі қазақ тілі мен әдебиеті бағытындағы ұстаз тек тіл үйретуші ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухты, мәдениетті және еркін ойлауды қалыптастыратын тұлға. Сондықтан, осындай бағдарламалар педагогтердің кәсіби өсуіне жол ашып, білім беру жүйесінде жаңа буын заманауи мұғалімдердің қалыптасуына зор ықпалын тигізуде.


#Абай облысы, #Білім, #мұғалім, #білім беру