Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте 2026-2027 оқу жылына жалпы орта білім беру ұйымдарының дайындығы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова баяндады.

Өңірде жаңа оқу жылына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жаңа оқу жылында облыста 304 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Оқушылар саны 101 мыңнан асады деп болжануда. Биыл облыста 5 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 133 мектепте 223 жоба бойынша ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Мектептердің жылыту маусымына дайындығы да бақылауда. Қазіргі таңда мектептердің 91 пайызында жылу жүйесі сынақтан өткізілді, 83 пайызы дайындық актілерін алды.

Қалған жұмыстарды оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Қатты отынмен жылытылатын 173 мектептің барлығына көмір жеткізу бойынша келісімшарт жасалып, жеткізу жұмысы басталды. Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл 16 мектепке 32 пәндік кабинет сатып алуға тиісті қаржы бөлінді. Мектебі жоқ елді мекендердегі 3 мыңнан астам бала күнделікті тасымалдаумен қамтылған. Оқушыларды тасымалдайтын 109 автобустың барлығы техникалық тексеруден өткен. Автопаркті жаңарту мақсатында биыл 50 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Әлеуметтік қолдауға да басымдық берілген. Биыл 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамтитын 49 мыңнан астам оқушыға тегін тамақ ұйымдастырылады.

Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де назарда. Облыс мектептері цифрлық бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және дабыл түймелерімен толық қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік жүйелерін орталықтандырылған бейнемониторингке қосу жұмыстары жүргізілуде. Педагог кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі де жоғары.

Облыс мектептерінде 12 мыңнан астам педагог еңбек етеді, штаттың жинақталу деңгейі 98,7 пайызды құрайды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға да көңіл бөлініп, педагогтердің 92 пайызы қысқа мерзімді оқыту курстарымен қамтылды. Аймақ басшысы жаңа оқу жылына дайындықты белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды, білім басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне мектептердегі жөндеу жұмыстарын жіті назарға алуды және жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуді, оқушылардың қауіпсіз тасымалын, мектептерді оқулықтармен және қажетті құралдармен қамтуды, сондай-ақ, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға алуды тапсырды.




«Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Біз үшін негізгі көрсеткіш – 1 қыркүйек күні әрбір мектеп жаңа оқу жылына толық дайын болуы қажет. Әсіресе аяқталмаған жөндеу жұмыстары, жылыту жүйелерінің дайындығы, оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігі, мектептердегі орын тапшылығы және балалардың қауіпсіздігі сияқты мәселелер бойынша нақты бақылау қажет. Білім басқармасы бұл жұмыстарды энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасымен, аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, күнделікті бақылауда ұстауы тиіс», – деді Берік Уәли.





