Абай облысы жаңғыру жолында: Президент Жолдауының нақты нәтижелері

Абай облысы жаңғыру жолында: Президент Жолдауының нақты нәтижелері

Абай облысы еліміздегі жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым ретінде қарқынды даму кезеңіне қадам басты. Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтар мен тапсырмалар өңірде облыс әкімі Берік Уәлидің нақты істерімен жүзеге асырылуда. Соның жарқын көрінісі – инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік саланың жандануы және шетелдік инвестициялардың еселенуі.

Жалпы Абай облысының инвестициялық әлеуеті күн санап артып келеді. Оған аймақ басшысының шетелдік инвесторлармен қатар өңірден шыққан қалталы кәсіпкерлерді де Абай облысын дамытуға үлес қосуға шақыруы дәлел бола алады. Осы мақсатта Берік Уәли іскер азаматтарды «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумға атсалысуға шақырды. 

«Бұл – әр азаматтың туған топырағына тағзым жасап, кіндік қаны тамған қасиетті мекенге құрметін білдіруге тамаша мүмкіндік. Форум – алыста жүрсе де, жүрегі туған ел деп соққан жерлестеріміздің басын қосатын, ортақ мақсаттар мен ізгі ниеттер тоғысатын маңызды алаң. Туған жерге туын қадаған, өскен өлкеге тамырын терең жайған азаматтың бағы биік, мәртебесі басым, рухы әрқашанда асқақ болары сөзсіз.«Туған жерге туыңды тік» – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы ұстанымы. Ата-бабамыздың осы өсиеті – бүгінгі күні де өзекті. Ертең үшін де бағдаршам болмақ.Ендеше, ел болашағы үшін бірге еңбек етейік! Туған жердің гүлденуі жолында бірлігіміз бекем болсын!Абай өңірін бірге дамытайық!Туған жерге туыңды тік, ағайын!»-делінген шақыруда. (Қысқартып алынды)

Үндеу әр азаматтың туған еліне, өскен жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, отансүйгіштік сезімді тәрбиелеуге және туған өлкенің өркендеуіне үлес қосуға шақырады.

Сондай – ақ шетелдік инвесторларды тарту мәселесі де өткір тұр. Жуырда аймақ басшысы Берік Уәли бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, қытайлық кәсіпкерлермен іскерлік кездесулер өткізді. Іссапар нәтижесінде Абай облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, жалпы құны 1,568 миллиард АҚШ долларын құрайтын бірқатар инвестициялық жобалар бойынша меморандум жасалды. Бұл келісімдер өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.

Бүгінде Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 287 млн АҚШ долларын құрап отыр. Оның 256,9 миллионы экспортқа тиесілі. Өңірдегі биылғы жылдың басынан бері жасалған сауда айналымы өте жоғары. Облыс бойынша жалпы тауар айналымының 89 пайызы Қытай аймақтарымен шекара маңындағы сауда арқылы қамтамасыз етілді. Бұл 2,3 млрд АҚШ долларын құрады. 2023 жылмен салыстырғанда шекара маңындағы сауда көлемі 503 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Ресей, Қазақстан және Қытайды жалғайтын «Омбы-Майқапшағай» жолы біздің өңір арқылы өтеді. Қытай Халық Республикасымен шекараға жақын орналасқан суы шипалы Алакөл туристік нысан ретінде айрықша мәнге ие. 

Бұл жерде айта кететін тағы бр жайт, облыс басшысы аудан әкімдеріне инвестиция тартуда белсенділік таныту керектігін айтып, тапсырма берді.

Енді Алакөл туристік нысанына оралсақ, бұл ретте облыста Туризм басқармасы құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынуда.  Биыл Алакөл жағалауын абаттандыру мен туристік аймақтың бас жоспарын өзгертуге 430 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар өңірдің тарихи, мәдени нысандарының инфрақұрылымы кезең-кезеңмен дамиды. Олардың қатарында Барлық-Арасан шипажайы, Абайдың Жидебай-Бөрілі музейі, Қоңыр-Әулие үңгірі, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу ескерткіші, Бесқарағайдағы Тұзды көл (Шошқалы), Киелі бұлақ, Ырғызбай, Баянбай ата кесенелері және Елеке сазы қорғандары бар. «Туристік әлеуетті арттыру мақсатында Семей, Аягөз, Шар қалаларының және Ақтоғай кентінің, Жалаңашкөл, Дегелен, Үшбиік, Жарма, Белағаш, Ауыл станцияларындағы теміржол вокзалдары жаңғыртылады. 

Қосымша әуе бағыттарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Семей–Астана-Семей бағытына «Южное-Небо» компаниясының рейсі іске қосылды.Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында Семейде «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы мен «PANA» қонақ үй кешенінің құрылысы басталады. Мұның барлығы облысқа келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік бермек. 

Ал ішкі инфрақұрылымға келсек, алдымен көзге де, ауызға да аспалы көпір түсетіні сөзсіз. Семей қаласындағы көпір – тек стратегиялық маңызы бар нысан ғана емес, сондай-ақ өңірдің тарихи символы. ТМД кеңістігіндегі жалғыз, үлкен аспалы көпір ретінде ерекше орын алатын бұл нысан 2000 жылы пайдалануға берілген. Содан бері алғаш рет көпірдің асфальт төсемі толық ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі жөндеу барысында заманауи технологиялар қолданылуда. Бұл тек инфрақұрылымның жаңғыруы емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету жолындағы нақты қадам десе болады.

Сондай-ақ Президент Жолдауында көрсетілген «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі ауылдар мен қала маңындағы елді мекендерде білім, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары жаңартылып, жаңалары бой көтеруде. Бұл жұмыстар әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартумен қатар, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, жастардың туған жерінде қалуына сеп болуда.

Семей қаласында соңғы уақытта көріктендіру және абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қаланың негізгі көшелері жөнделіп, көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар, қала шетіндегі шағын аудандар мен ауылдық елді мекендер де ұмыт қалмаған: жолдар жөнделіп, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып жатыр. Бұл – орталық пен шет аймақтардың тең дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты жемісі.

Абай облысы ауыл шаруашылығы бағытында да қарқынды дамып келеді. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мал және өсімдік шаруашылығын өркендетуге қолайлы. Мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды мал өсіру ісі жолға қойылмақ. Ет және сүт бағытындағы фермерлік шаруашылықтарды дамыту жоспарлануда. Сонымен қатар егін шаруашылығы саласында да өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсаты тұр. Ауылдағы инфрақұрылымды да біртіндеп жақсарту көзделуде – суару жүйелері жаңғыртылып, ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылмақ. Бұл – Президент Жолдауында айтылған агросаланы технологиялық жаңғырту міндеттерін іске асырудағы нақты қадамдарды көрсетеді.

Экология мәселесі де Абай облысында басты назарда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды жобаға айналды. Бұл ретте аймақ басшысы тұрғындарға бейнеүндеу жариялап, үн қосу керектігін айтты.

 «Туған жеріміздің тазалығы үшін жұмылу әрқайсымыздың перзенттік парызымыз! Мен осы ретте бизнес өкілдерін, іргелі оқу орындарын, патриот жастар мен еріктілерді, бірлігі жарасқан кәсіпорындар мен ұйымдарды осы игі іске белсенді атсалысуға шақырамын. Биыл аймағымыз атын иеленген ұлы Абайдың 180 жылдығы! Президентіміз айтқандай, бұл мерейтойды лайықты деңгейде атап өтуіміз керек. Біз бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай бірігіп, бұл шараны жақсы атқаруға тиіспіз. Бірлік танытатын тұстың бірі – осы сәт, ағайын. Себебі біз еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға көркем де, таза қаламызды ұялмай көрсете алуымыз керек. Облыс орталығы ретінде екінші тынысы енді ашыла бастаған қаламыз ешбір шаһардан кем емес. Біз еліміздің мегаполистері Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларынан үлгі алуымыз керек.»делінген бейнеүндеуде. (Қысқартылып алынды)

Акция аясында қалалар мен ауылдардың аумақтарын тазарту, қоқыс жинау, тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру, ағаш отырғызу және көгалдандыру, қарттар үйлері мен ардагерлердің аулаларын тазалау, су айдындарының айналасын қоқыстан тазарту сынды игі істер қолға алынды. Әлі де жалғасуда. 

Абай облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен жаңғырту шаралары – Мемлекет басшысының өңірлерді дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымының жарқын көрінісі. Инфрақұрылым, инвестиция, ауыл аруашылығы, экология, әлеуметтік қолдау және қала мен ауылдың қатар дамуы – барлығы да Абай елін жаңа биіктерге жетелейтін берік негізге айналуда. Бұл қарқын сақталып, алдағы уақытта да өңірдің әлеуеті арта беретініне сенім мол.

Суреттер интернеттен, Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінің парақшаларынан алынды.


#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #Жолдау