25 қазан – Республика күніне орай 2026 жылғы 24 қазанда Семей қаласындағы «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінде «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Ауқымды сайысқа еліміздің 10 өңірінен 100 команда, жалпы саны 600 жас қатысып, білім мен тапқырлықтарын сынға салды.

Шараның ашылу салтанатына Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған зияткерлік сайыстың маңызына тоқталды.
«Турнирдің Республика күні қарсаңында өтуінің де мәні ерекше. Бұл – еліміздің егемендігін, бірлігін және ортақ құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды ұлттық мереке. Білім, еңбек, парасат құндылықтарын дәріптеу – баршамызға ортақ міндет. Ұлы Абай мұрасы осы құндылықтарды бір арнаға тоғыстырады. “Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге” деп, ұрпақты білімге, адалдыққа және үздіксіз ізденіске үндеді», – деді Мейірлан Раханов.
Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы аясында ұйымдастырылған сайысқа қатысу үшін 120-ға жуық өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде 100 команда жарысқа жолдама алды. Қатысушылар қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен бірге Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Жетісу және Алматы облыстарынан келген жастар бар.

«Абай Quiz» ойынының бас ұйымдастырушысы, «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қуаныш Молдақашевтің айтуынша, жоба былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылған.

«Былтыр ойынға 180 команда қатысып, қазақ тіліндегі интеллектуалдық ойындар арасында ауқымы жағынан ерекшеленіп, Қазақстанның рекордтар кітабына тіркелді. Биыл да осы дәстүрді жалғастырып, 100 команданың басын қосып отырмыз. Жалпы, биыл 100 команда қатысады деп жоспарлаған едік. 120-ға жуық өтінім түсті. Қатысуға ниет білдірген командаларды тіркелу ретіне қарай іріктедік. Әр командада алты ойыншыдан бар. Бүгінгі сайысқа 600 жас қатысып жатыр. Бұл – Абай облысы әкімдігі мен облыстың жастар саясаты саласындағы қолдауының нәтижесінде жүзеге асып отырған маңызды жоба», – деді Қуаныш Молдақашев.
Жеті кезеңнен тұратын зияткерлік сайыс қатысушылардың жалпы танымдық білімін, сыни және логикалық ойлау қабілетін, тапқырлығы мен жылдам шешім қабылдау дағдыларын бағалауға бағытталған. Ойын сұрақтары Абай облысының тарихын, Абай мұрасын, Алаш қозғалысын, өнер мен мәдениетті, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктерін қамтыды.
Сайысқа қатысушылардың айтуынша, «Абай QUIZ» жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, зияткерлік орта қалыптастыруға, жаңа таныстықтар орнатуға және ерекше эмоция алуға мүмкіндік береді.

Атырау облысынан келген қатысушы Нұржан Өмірбаев зияткерлік ойынның жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Әдетте мерекені тойлау дегенде ас ішіп, аяқ босату сияқты стереотип бар ғой. Бұл сайыс сол түсінікті өзгертіп, тойлауды ойлаумен ұштастырды. Осындай бастама көтерген Абай облысына көп рақмет! “Абай Аренада” 100 команданың басын қосып, интеллектуалды жастар ортасының қалыптасуына үлкен серпін беріп отыр. Мұндағы атмосфераның өзі керемет. Аренаның ауқымы шабыттандырады. Мұны біліммен бәсекелескен бүгінгі заманның үлкен додасы деп білеміз. Керемет эмоциялар, жарқын сәттер, кейде өкінішті жауаптар да болады. Дегенмен әрбір сұрақ ойлауымызды жылдамдатып, ерекше әсер сыйлайды», – деді Нұржан Өмірбаев.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, білімге деген құштарлығын дамыту, кітап оқу мәдениетін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық-патриоттық сананы қалыптастыру.




Жалпы жүлде қоры 4,5 миллион теңгені құрайтын «Абай QUIZ» республикалық ойыны жастардың білімін шыңдап, олардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға және Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаңға айналды.




