Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды
Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында салынатын жаңа мектептің іргетасын қалау рәсіміне қатысты,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпаратты агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Суықбұлақ бастауыш мектебі 1964 жылы балабақша ретінде салынған. Ғимараттың тозығы жетіп, апатты деп танылғандықтан оқушылар екі ауысымда білім алуға мәжбүр. Электр желілері мен су құбырлары ескірген. Мектепте спорт залы, кітапхана, мұғалімдер бөлмесі мен медициналық пункт жоқ. Төменгі сынып оқушылары ескі ғимаратта, 5-11 сынып оқушылары көрші ауылға автобуспен қатынап оқиды. Жаңа мектеп салу мәселесін тұрғындар 2011 жылдан бері көтеріп келеді. Аймақ басшысы биылғы 19 наурызда Жарма ауданына жұмыс сапарымен барғанда осы білім ордасының апатты жағдайын көріп, «жаңа мектеп саламыз» деп айтқан болатын.

Облыс әкімі мектептің іргетасын қалау рәсімінде ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты жаңалықпен құттықтады.
«Облысымызда апатты жағдайдағы 3 мектеп бар еді. Оның бірі Семей қаласында, екіншісі Ақсуат ауданының Екпін ауылында, үшіншісі осы сіздердің ауылдағы мектеп болатын. Облыстық бюджетті оңтайландырып, Екпін ауылындағы мектептің құрылысын бастайтын болдық. Міне, бүгін Суықбұлақ бастауыш мектебінің іргетасын қалап отырмыз. Осылайша біртіндеп апатты мектептердің мәселесін түбегейлі шешетін боламыз. Мектепті өздеріңіздің жерлестеріңіз, осы ауылдан шыққан азаматтар салады. Құрылыстың сапасын өздеріңіз де қадағалап, бақылап отырасыздар деп ойлаймын. Іргесі қаланғалы отырған мектептің шаңырағы биік, толағай тұлғалар көп шығатын білім ордасы болсын», – деді аймақ басшысы.

Ауыл тұрғындары көп жыл бойы түйіні тарқамаған мәселенің шешім тапқанына ризашылықтарын жеткізді.
«Сан жыл бойы көтеріп келген мәселеміздің үш айдың ішінде шешілгеніне барша ауыл тұрғындарына атынан өзіңізге алғысымызды айтамыз. Бұл мектептің салынуын көптен бері күтіп жүрміз. Бұрынғы мектеп тым ескі, балаларға қолайсыз. Оқушылардың жартысы көрші ауылға барып, оқып жүр. Енді міне, жаңа мектептің іргетасы қаланып жатыр. Оқушыларымыз жылы, кең, заманауи жерде білім алатын болады. Ауыл үшін бұл үлкен қуаныш», – деді ауыл тұрғыны Ержан Кенжебекұлы.

Мектеп облыстық бюджет қаражатына салынады. Құрылыстың аяқталуы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған. Жаңа мектеп 100 оқушыға арналған. Жалпы құрылыс алаңы – 1 гектар. Негізгі ғимараттың көлемі 1 600 шаршы метрді құрайды. Мектеп екі қабатты болады. 12 оқу кабинетімен қатар, жеке спорттық блок қарастырылған. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға толық мүмкіндік береді. Сыртқы алаңда оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған демалыс аймағы, футбол, волейбол, баскетбол және гимнастика алаңдарын салу көзделген.
#Абай облысы, #мектеп, #Жарма ауданы, #Абай облысының әкімі