Конституцияны тек мемлекеттің басты құқықтық құжаты ғана емес, халқымыздың тарихи дамуы мен мемлекеттілігінің маңызды көрінісі деп бағалаймын,-дейді тарих пәнінің мұғалімі Шолпан Әлжанова.
Әр мемлекеттің тарихында оның болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды құжаттар болады. Қазақстан үшін сондай құжаттардың бірі – Конституция. Ата Заң мемлекеттің құрылымын айқындап қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет арасындағы негізгі қағидаларды белгілейді.
Бүгінгі ұрпақ Конституция арқылы өз құқықтары мен міндеттерін танып, ел алдындағы жауапкершілігін түсінеді. Сондықтан мектепте Конституцияны оқыту – оқушыларға заң талаптарын жаттатумен шектелмеуі тиіс. Ең маңыздысы – жас ұрпаққа Отан, тәуелсіздік, азаматтық жауапкершілік және заңға құрмет ұғымдарының мәнін түсіндіру.
Тарих пәні мұғалімі ретінде оқушыларға: «Конституция – өткен тарих пен бүгінгі өмірді байланыстыратын алтын көпір» деген ойды жеткізуге тырысамын. Себебі тарихын білген адам мемлекеттің құндылығын тереңірек түсінеді, ал өз құқығы мен міндетін білетін азамат елінің дамуына жауапкершілікпен қарайды.
Конституция – мемлекеттің тұрақтылығының ғана емес, қоғамның бірлігі мен азаматтардың өзара құрметінің де негізі. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – ең алдымен өз мемлекетіңді, оның тарихын және болашағын құрметтеу деп білемін.
Біздің міндетіміз – Конституцияның мәнін жас ұрпаққа түсіндіру, оның құндылықтарын күнделікті өмірмен байланыстыра білу және заңға құрметпен қарайтын саналы азамат тәрбиелеу. Өйткені елдің ертеңі – өз құқығы мен жауапкершілігін жақсы білетін ұрпақтың қолында,-дейді Шолпан Әлжанова.




