Конституция 42 қаралымabaidan.kz

Конституциядағы өзгеріс – заман талабы

Конституциядағы өзгеріс – заман талабы

Еліміздің Ата Заңына енгізілген өзгерістер – қоғам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Конституциялық реформа саяси-құқықтық жүйені жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталуы тиіс. Осы орайда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, «АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖЕЛТОҚСАН-86» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бауыржан Смағұлов Конституциялық өзгерістердің мәніне азаматтың құқығы мен халықтың пікірін қорғау тұрғысынан қарайтынын айтады.

«Біз осыдан 40 жыл бұрын Желтоқсан кезінде елдің ертеңі, халықтың үні естілсе екен деген арманмен алаңға шықтық. Сондықтан бүгінгі Конституциялық өзгерістерге қарағанда, ең алдымен, қарапайым азаматтың құқығы мен дауысының қаншалықты қорғалатынына мән беремін. Халық пен билік арасында ашық қарым-қатынас орнаса, бұл – мемлекет үшін де, қоғам үшін де үлкен жетістік», – дейді ол.

Оның пікірінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді тек заңнамалық түзету ретінде емес, қоғамның сұранысына жауап беретін маңызды үдеріс ретінде қарастырған жөн. Заман өзгерген сайын халықтың талап-тілегі де жаңарады. Сондықтан негізгі заң азаматтардың құқықтары, қауіпсіздігі, әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына басымдық беруі қажет. Конституциялық реформаның маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік мәселелерді шешу және азаматтардың қоғамдық өмірге араласу мүмкіндіктерін кеңейту. Заңдағы өзгерістер халықтың күнделікті өмірінен нақты көрініс тапқанда ғана оның маңызы арта түседі.

«Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Сондықтан Конституциялық өзгерістер халықтың мүддесіне қызмет етіп, еліміздің тұрақты әрі прогрессивті дамуына жол ашса деген тілегім бар. Ең бастысы – заң мен өзгерістер адам үшін болуы керек», – дейді Бауыржан Смағұлов.

Ата Заң – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, азамат пен қоғам арасындағы басты құндылықтарды айқындайтын құжат. Сондықтан Конституциядағы кез келген өзгерістің нәтижесі оның нақты өмірде жүзеге асуымен өлшенеді. Халықтың құқығы қорғалып, азаматтың дауысы естіліп, әлеуметтік мәселелер шешімін тапса, бұл ел дамуының маңызды көрсеткішіне айналады. Конституциядағы жаңашылдықтар уақыт талабына сай қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беруі тиіс. Ал оның басты нәтижесі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту арқылы көрінуі қажет.