Адам құқықтары мен бостандықтары – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің негізгі тірегі. Әрбір адамның өмір сүруге, еркін ойлауға, білім алуға, еңбек етуге және өз құқығын қорғауға мүмкіндігі болуы қоғамның даму деңгейін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы адам құқықтарына қатысты нормаларды талдау ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, сол жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Оның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Бұл қағида мемлекеттің қызметі азаматтардың құқықтарын қорғауға және олардың қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс екенін білдіреді.
Жаңа Конституцияның II бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталады. Бұл бөлімнің 15-бабында адам құқықтары мен бостандықтарының әркімге тумысынан тиесілі екені және оларды ажыратуға немесе айыруға болмайтыны көрсетілген. Аталған норма адам құқықтарының мемлекет тарапынан сыйға берілмейтінін, керісінше, адамның табиғи әрі ажырамас құндылығы ретінде танылатынын білдіреді.
Бұл баптың құқықтық маңызы зор. Біріншіден, ол мемлекеттік органдардың қызметіне адам құқықтарын сақтау талабын қояды. Екіншіден, заңдар мен өзге де құқықтық актілердің мазмұны адам құқықтарына қайшы келмеуге тиіс деген ұстанымды бекітеді. Үшіншіден, адам мен азаматтың құқықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастыруға негіз болады.
Сонымен қатар 12-бапта әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заңға сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бекітілген. Демек, Конституция құқықтарды жариялаумен ғана шектелмей, олар бұзылған жағдайда қорғану мүмкіндігін де қарастырады.
Адамның негізгі құқықтарының ішінде өмір сүру құқығы ерекше орын алады. Конституцияның 17-бабында өмір сүру құқығы әр адамның ажырамас құқығы ретінде танылып, өлім жазасына тыйым салынған. Бұл нормалар адам өмірінің жоғары құндылығын және оны қорғаудың конституциялық маңызын айқындайды.
18-бапта жеке бас бостандығы мен оған қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі. Адамды заңда белгіленген тәртіптен тыс ұстауға болмайды, ал күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі. Ұсталған адамға оның құқықтары түсіндіріліп, адвокат көмегін пайдалану мүмкіндігі берілуге тиіс.
19-бапта кінәсіздік презумпциясы бекітілген. Яғни, адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғанға дейін ол кінәлі деп есептелмейді. Сонымен бірге адам өзіне, жұбайына және заңда көрсетілген жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
Ал 20-бап адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғап, азаптауға, зорлық-зомбылыққа және қатігез қарым-қатынасқа тыйым салады. Бұл нормалар құқық қорғау органдарының да, өзге мемлекеттік мекемелердің де қызметінде заңдылық пен адамгершілік қағидаттары сақталуы керектігін көрсетеді.
Қазіргі қоғамда цифрлық технологиялар адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Интернетті пайдалану, электрондық төлемдер жасау, әлеуметтік желілерде ақпарат алмасу барысында жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр.
Конституцияның 21-бабы жеке өмірге, жеке және отбасы құпиясына қол сұғылмау құқығын қорғайды. Сондай-ақ дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау кепілдігі қарастырылған. Хат-хабарлар мен телефон арқылы сөйлесулердің құпиясы да заңмен қорғалады.
Бұл нормалардың маңызы – адамның жеке кеңістігін қорғауды дәстүрлі өмірмен ғана шектемей, цифрлық ортаға да таратуында. Мысалы, адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз жариялау, оның хаттарын заңсыз тарату немесе дербес ақпаратын заңсыз пайдалану құқықтық жауаптылық мәселесін туындатуы мүмкін.
Алайда конституциялық кепілдіктердің тиімді болуы заң талаптарының іс жүзінде орындалуына, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігіне және азаматтардың өз цифрлық құқықтарын білуіне байланысты.
Құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі – азаматтардың пікір білдіруіне және ақпарат алуына жағдай жасау. Конституцияның 23-бабында сөз, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынған. Бұл қағидалар ғылымның, мәдениеттің және қоғамдық пікірдің дамуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Сонымен бірге сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуге және заңда белгіленген талаптарды сақтауға тиіс. Сондықтан еркін пікір білдіру жауапкершілікпен қатар жүруі қажет.
Конституцияның 16-бабында заң мен сот алдында барлығының тең екені бекітілген. Адамдарды әлеуметтік жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне немесе басқа да белгілеріне байланысты кемсітуге жол берілмейді. Бұл қағида әрбір азаматтың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беруге бағытталған.
Аталған құқықтардың шынайы жүзеге асуы азаматтардың өз пікірін еркін білдіруіне, кемсітушілікке қарсы қорғану мүмкіндігіне және заңның баршаға бірдей қолданылуына байланысты.
Конституцияда құқықтарды қорғау тек азаматтың міндеті емес, мемлекеттің де жауапкершілігі екені көрініс тапқан. 15-баптың 6-тармағына сәйкес, әр адам мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекеті салдарынан келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқылы.
Бұдан бөлек, Конституцияның 75-бабы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын тоқтатуға қатысты ережелерді белгілейді. 79-бапта соттардың адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен нормативтік актілерді қолдануына жол берілмейтіні көрсетілген.
Бұл нормалар Конституцияның жоғары заңды күшін қамтамасыз етуге және құқықтарды қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған. Дегенмен, олардың тиімділігі құқықтық институттардың жұмысына, сотқа жүгіну мүмкіндігіне, заң көмегінің қолжетімділігіне және мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Сондықтан құқықтық мемлекетті дамыту үшін азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік шешімдердің заңдылығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға қатысты тиімді шағымдану тетіктерін жетілдіру маңызды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы адам құқықтарына қатысты нормалар адамның өмірін, қадір-қасиетін, жеке бас бостандығын, жеке өмірін және сөз еркіндігін қорғауға бағытталған. Сонымен бірге сот арқылы қорғану, заң көмегін алу және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келген зиянды өтету мүмкіндіктері құқықтарды іске асырудың құқықтық негізін қалыптастырады.
Алайда құқықтардың Конституцияда бекітілуі олардың автоматты түрде толық орындалатынын білдірмейді. Ол үшін заң талаптарының тұрақты сақталуы, мемлекеттік органдардың ашықтығы, сот арқылы қорғанудың қолжетімділігі және азаматтардың құқықтық мәдениеті қажет.
Конституцияның адам құқықтарына қатысты нормаларын бағалаудың негізгі өлшемі – олардың күнделікті өмірде қаншалықты тиімді қорғалатыны. Адам құқығы құр сөз күйінде қалмай, әрбір азаматтың өмірінде нақты кепілдікке айналғанда ғана құқықтық мемлекеттің қағидаттары толық жүзеге асады.
Жаңа Конституциядағы адам құқықтары: құқықтық мемлекеттің басты өлшемі




