Еңбек адамы: Электротехниктерді тәрбиелеуші тәлімгер

Еңбек адамы: Электротехниктерді тәрбиелеуші тәлімгер

Білікті мамандар даярлау жолында қалтқысыз 45 жыл еңбек етіп келе жатқан Абай облысының электротехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Серікқазы Магавьянов шәкірттері мен әріптестері арасында үлкен беделге ие. Өз ісінің шебері әрі  тәлімгер ол өмірін электротехникамен тығыз байланыстырып,  өңірдің техникалық білім саласын дамытуда баға жетпес үлес қосуда.

Серікқазы Магавьяновтың өзі де осы оқу орнының 1972 жылғы түлегі. Ал 1979 жылдан бері студенттерді өндірістік оқыту шебері ретінде оқытып келеді. Ұзақ жылғы тәжірибесі болса да талапқа сай заманауи білім беру әдістерін меңгерген. Модульдік технологияларды енгізу, интерактивті әдістерді қолдану, практикалық сабақтарда макеттер мен стендтерді қолдану оның оқытудағы негізгі принциптерінің бірі. Серікқазы Магавьянов оқытумен ғана шектелмей, әдістемелік кеңестерге, біліктілікті арттыру курстары мен кәсіби семинарларға қатысады. Оның түсінігінде мұғалім шәкірттерімен қатар бірге дамып отыруы керек.

WorldSkills чемпионаттарына тұрақты қатысып, жетекші сарапшысы міндетін атқарады. Оның жетекшілігіндегі студенттер халықаралық, республикалық және облыстық кәсіби конкурстарда жүлделі орындарға ие болды. Ұзақ жылғы педагогикалық еңбегі де елеусіз қалған жоқ. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі (2011 ж.), ҚР Білім және ғылым Министрлігінің құрмет грамотасы (2022 ж.), «Еңбек ардагері» медалі (2024 ж.) сынды бірқатар марапаттарға ие болған.