Қазақстанда соңғы жылдары саяси жаңғыру үдерісі қарқын алып, елдің қоғамдық-саяси өмірінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту және халықтың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейту.
“ Құрмет” Орденінің иегері, Тарбағатай-Ақсуат аудандарының “ Құрметті Азаматы”, Қазақстан Журналистер Одағының және Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, “ Тарбағатай табиғаты” экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, “ Ақсуат арайы” газетінің редакторы Ержан Құттыбай еліміздегі конституциялық реформаларға қатысты өз пікірін білдіріп, жаңа Конституцияны қабылдау – саяси жаңғырудың заңды жалғасы екенін атап өтті.
«Елімізде 2019 жылдан бері саяси реформа жүріп келеді. Реформаның жүзеге асуы үшін Конституцияға өзгерістер енгізу немесе заман талабына сай жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі туындайды», – дейді Құттыбай Ержан.
Оның айтуынша, 2022 жылы өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Сол кезде Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізіліп, президенттік биліктің бірқатар өкілеттіктерін қайта қарау және Парламенттің рөлін күшейту бағытында нақты қадамдар жасалды.
«2022 жылы суперпрезиденттік модельден арылып, Парламенттің рөлін күшейту мақсатында жалпыхалықтық референдум арқылы Конституциямыздың 33 бабына өзгеріс енгізілді. Бұл – саяси жаңғырудың маңызды кезеңі», – дейді қоғам белсендісі.
Саяси реформалардың келесі кезеңі бір палаталы Парламентке көшу мәселесімен сабақтасты. Құттыбай Ержанның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар қоғамның ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып жүргізілуі маңызды.
«Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобы құрылып, Е-Өтініш пен eGov порталдары арқылы азаматтардан ұсыныстар қабылданды. Осы мәселе бойынша ашық қоғамдық талқылаулар өтті. Алты ай бойы талқыланғаннан кейін жұмыс тобы азаматтардан түскен ұсыныстарды саралады», – дейді ол.
Спикердің айтуынша, реформаның ауқымы Конституцияның бірқатар баптарына елеулі өзгерістер енгізуді талап еткен. Осыған байланысты жаңа Конституция әзірлеу туралы шешім қабылданған.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық реформа бойынша комиссия құрылып, оның құрамына 130 адам кірді. Комиссия бірнеше отырыс өткізіп, Конституцияның жаңа жобасын әзірледі. Жоба халықтың назарына ұсынылып, қоғамдық талқылаудан өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрды. Конституция жобасында қазіргі халықаралық геосаяси жағдайлар мен уақыт талабына байланысты бірқатар жаңартулар қарастырылды», – деп атап өтті Құттыбай Ержан.
Жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтарына айрықша мән берілген. Сонымен қатар адвокатураға арналған арнайы баптың енгізілуі, бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, халықтың мүддесін білдіретін консультативтік орган ретінде Халық Кеңесін қалыптастыру, Вице-Президент институтын енгізу сияқты жаңашылдықтар ұсынылған.
Сондай-ақ дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты ажырату және пропорционалды сайлау жүйесін қолдану мәселелері де жаңа конституциялық модельдің маңызды бағыттары ретінде қарастырылған.
«Адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі негізгі өзегі болып бекітілді. Сонымен бірге адвокатура туралы арнайы бап алғаш рет енгізілді. Жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, халықтың мүддесін білдіретін Халық Кеңесінің пайда болуы, Вице-Президент институтының енгізілуі – заман талабына сай жасалған өзгерістер», – дейді қоғам белсендісі.
Құттыбай Ержан жаңа Конституция жобасының халық талқысына шығарылуын да реформаның маңызды ерекшелігі ретінде бағалайды. Оның пікірінше, конституциялық өзгерістер қоғамның пікірінсіз жүзеге аспауы керек.
«Конституцияның жаңа жобасы жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Талқылау барысында айтылған орынды ұсыныстар жобаға енгізіліп, кейін референдумға ұсынылды. Бұл – халықтың пікіріне сүйенген реформаның көрінісі», – дейді ол.
Осылайша, Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалардың жаңа кезеңі басталды. Қоғам белсендісінің пікірінше, конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты – мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық институттардың рөлін күшейту.
«Халықтың реформаны қолдауы – ел азаматтарының саяси жаңғыруға деген сенімін көрсетеді. Ең бастысы, қабылданған өзгерістердің іс жүзінде тиімді жүзеге асуы және халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етуі», – дейді Ержан Кәрібайұлы.
Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа белес ретінде бағалануда. Ал алдағы кезеңде жаңа мемлекеттік институттардың қалыптасуы, олардың өзара іс-қимылы және азаматтық қоғамның белсенділігі реформалардың нәтижесін айқындайтын маңызды фактор болмақ.
«Сөйтіп, Қазақстанда саяси реформалардың алғашқы кезеңдері сәтті өтіп, жаңа кезең басталды. Ең бастысы – бұл өзгерістер елдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нығаюына қызмет етуі тиіс. Іске сәт! Көк Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын!» – деп сөзін түйіндеді журналист әрі қоғам белсендісі Ержан Құттыбай.




