Абай облысында денсаулық сақтау саласы тұрақты дамып келеді
Абай облысында 2026 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалады. Өңірде мемлекеттік, жеке және ведомстволық секторларды қамтитын 63 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков мәлімдеді.
Есепті кезеңде амбулаториялық деңгейде 8 861 науқас ем алды, ал стационарлық көмек 33 233 адамға көрсетілді. Жұқпалы аурулар бойынша 5 762 жағдай тіркелді. Сонымен қатар 36 мыңнан астам тұрғын скринингтен өтіп, 1 550 адамда ауру ерте кезеңде анықталып, емдеу басталды.
– Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да оң өзгерістер бар. Бала өлімі 4,7 пайызға дейін төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда жақсарды. Өңірде медициналық инфрақұрылым да дамып келеді. 2023–2025 жылдары ауылдық жерлерде 65 жаңа медициналық нысан салынды. Ал алдағы уақытта Семейде көпбейінді аурухана, балалар ауруханасы және қан орталығы құрылысы жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі артып келеді. Бұл бағытта көшпелі кешендер, телемедицина және цифрлық жүйелер енгізілген.
– Кадр тапшылығын азайту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Қазір өңірде 9 630 медицина қызметкері еңбек етеді. Жас мамандарды тарту үшін гранттар бөлініп, әлеуметтік қолдау көрсетілуде, – деді Талғат Молдабеков.
Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласы жоспарлы түрде дамып, медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасып келеді.
#Денсаулық, #Абай облысы, #Денсаулық сақтау