Абай облысында сальмонеллез бен жіті ішек инфекцияларының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Абай облысында сальмонеллез бен жіті ішек инфекцияларының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында өңірде сальмонеллез және жіті ішек инфекцияларының (ЖІИ) таралу деңгейі артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев баяндады.

-  Биыл өткен жылмен салыстырғанда сальмонеллез бойынша эпидемиологиялық ахуал 1,8 есеге артқан. Семей қаласында 11 жағдай анықталса, оның ішінде 72,7%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, жіті ішек инфекциялары бойынша облыста 87 жағдай тіркелген. Аурудың алдын алу мақсатында ведомстволық ұйымдармен және тамақтану орындарымен бірлескен кешенді жоспарлар іске асырылып, күнделікті мониторинг жүргізілуде, – деп атап өтті департамент басшысы.

Департамент пен аумақтық басқармалар кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, эпидемиологиялық маңызы бар нысандарда – мектептер, балабақшалар, интернаттарда бақылау күшейтілді. Бұл туралы Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің жетекші маманы Мадина Токеева толықтырды.

–  Аурудың алдын алу үшін тамақ өнімдерін тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алу, жарамдылық мерзімі мен қаптама тұтастығына назар аудару, қолды жиі және дұрыс жуу, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау, өнімдерді толық термиялық өңдеуден өткізу, жәндіктер мен кеміргіштерден қорғау және сапалы ауызсуды пайдалану қажет. Қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар да қатаң. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет көрсетуге тыйым салынады. 50 орыннан асатын нысандар эпидемиялық маңызы жоғары болып есептеледі және міндетті түрде www.elicense.kz порталы арқылы қорытынды алуы қажет, – деп түйіндеді Мадина Токеева.


#Денсаулық, #Абай облысы