Дәрігерлерге алғыс айтамын

Дәрігерлерге алғыс айтамын

Редакциямызға Семей қаласының тұрғыны Сабыр Нихамбаев хабарласып, дәрігерлерге abaidan.kz ақпараттық агенттігі арқылы алғыс айтқысы келетінін жеткізді.  Айтқан сөзін өзгертусіз беруді жөн санадық.

"Адам ауырып, жаны қысылғанда дәрігер іздейтіні белгілі. Мұндайда уайым кешкен жүрекке сабыр сыйлайтын, күдікті сейілтіп, үмітті жандырып, аурудан айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын, жүрегі нұрлы ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз ғой. Сондай жандардың бірі -Семейдегі «Ядролық медицина және онкология» орталығы жанынан құрылған мобильді топ дәрігері Панария Сүлейменова мен мейірбике Назгүл (тегін сұрамаппын) дер едім. Ол кезде мен үшін бұл жандар қанатымен су сепкен қарлығаштай болды. Тағдырдың жазуымен 32 жыл отасқан жарым Гүлнар Аманова дертке шалдығып, ауыр күндерді бастан өткердік. Жаныңда жарқырап, жайнап жүрген зайыбыңның ауыр халін көргенде одан бетер азапқа түседі екенсің. Мұндайды ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Алайда Алланың жазуына амал бар ма? Басқа салған соң көнесің. Осы сәттерде ұлымыз екеумізге ақ халатты абзал жандар қолдау көрсетіп, демеу болды. Уақытымен үйге келіп, дәрілерін салып, тиісті нұсқаулықтарын беріп отырды. Ақ халатты дәрігерлерді көргенде дертіне ем табылғандай, жарымның да жеңілдеп қалғанын байқайтынбыз. Өмірінің соңғы күндеріне дейін мобильді топ үйге келіп, медициналық қызметтерін көрсетіп тұрды. Демалатын аппартқа дейін әкеліп қойды. Қалай күрессек те, жазылмас дерт өз дегенін жасады. Құдай қосқан қосағым мәңгілік мекеніне аттанды. Жүрегіміз қарс айрылып, қайғы жұтып қала бердік. Алайда, жарым дертінен құлан-таза айығып кетпесе де, жанына демеу болып, өз міндеттерін қалтқысыз атқарған дәрігер Панария Сүлейменова мен мейірбике Назгүлге деген алғысым шексіз. Онкологиялық орталық жанындағы мобильді топтың болғаны қандай жақсы болды. Олай болмағанда, жағдайымыз қалай болар еді? Бұл да бір мемлекеттің елміздің азаматтары үшін жасаған жеңілдігі деп қоямын. Сөзімнің соңында Семейдегі «Ядролық медицина және онкология» орталығының басшылығы мен медицина қызметкерлеріне, Мобильді топ дәрігерлері мен мейірбикелеріне алғыс айтамын. Жаны жабырқаған жандардың алғысына бөлене беріңіздер! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін!"


#Денсаулық, #Дәрігер, #Абай облысы