Облыс әкімі Shengsong компаниялар тобы өкілдерімен кездесті
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ағаш тақтайшаларын өндіруге арналған технологиялық желілерді жобалауға маманданған Shengsong компаниялар тобы өкілдерімен кездесті,- деп абарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Осы салада он жылдан артық тәжірибесі бар компания Қытайдың жетекші өндірушілерімен тығыз жұмыс істейді. Сондай-ақ, келіссөзге Beijing ZHAOSHANG Technology Co., LTD өкілдері де қатысты.
Shengsong - Қытайдағы ағаш тақтайшаларын өндіруші ең ірі кәсіпорындардың бірі. Өнімдер қатарында ДСП, МДФ/ХДФ сияқты өте жұқа бөлшекті тақтайшалар бар. Компания E1, EO, CARB-P2 халықаралық стандарттарына сәйкес келетін экологиялық өнімге назар аударады. Сонымен қатар формальдегидсіз тақтайшалар шығарады. Жыл сайынғы өндірістік қуаттылығы 1 млн текше метрге жетеді. Алдағы жылдары Shengsong ағаш тақтайшаларын өңдеу, қаржылық қызметтер және жылжымайтын мүлік салаларында өз қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Компанияның стратегиялық мақсаты-Қытайдың ағаш өңдеу саласының көшбасшысы болу.
Кездесуде компания өкілдері бөлшекті тақтайшаларды шығаруға бағытталған өндірістік желіні салуға ниет білдірді.
«Біз өңіріміздің ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік беретін озық тәжірибелер мен технологияларды тартуға мүдделіміз. Жаңа өндіріс желісін салу жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы нығайтуда маңызды қадам болары сөзсіз. Біз жобаны қолдаймыз», — деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Кездесу Абай облысында ағаш өңдеуге инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған перспективалы ынтымақтастыққа бастама болды.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #Қытай