Қазақстанда емхананы еркін таңдау науқаны басталды
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын еркін таңдау науқаны басталды. Науқан екі айға жалғасып, 1 қарашада аяқталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Айсұлу Саимова баяндады.

- Жыл сайын өтетін науқан қазақстандықтарға тіркелген емханасын ауыстыруға немесе өз учаскесінде дәрігерді қайта таңдауға мүмкіндік береді. Емханаға тіркелген азамат жалпы практика дәрігерінің қабылдауына, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуге, скринингтік тексерулерден өтуге, зертханалық және аспаптық диагностикаларға қол жеткізе алады. Қажет болған жағдайда стационарға жатқызуға жолдама беріледі, - деді Айсұлу Саимова.
Поликлиникасын еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрынғы тіркелген ұйымында қала береді. Дегенмен, мекенжайын, оқу орнын немесе жұмыс орнын ауыстырған жағдайда, сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылғанда, жыл ішінде де емхананы өзгертуге болады.

- Қазіргі таңда облыстық филиалдың деректер базасында 33 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйым тіркелген, оның ішінде 20-сы мемлекеттік, 13-і – жеке меншік, - деп атап өтті “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” Абай облысы бойынша филиалының директоры Елмира Рахимбаева.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтарымен қатар, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер, қандастар, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де медициналық ұйымға тіркелуге құқылы. Тіркеу ерікті немесе міндетті сақтандыру шарттарының негізінде жүзеге асады.

- Ерекше санаттағы азаматтар үшін қағаз түрінде тіркелу мүмкіндігі барын жеткізді. Олардың қатарына зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер, әскери қызметшілер, колонияларда жазасын өтеушілер, заңды өкілдердің қамқорлығындағы балалар мен шетелде туылған сәбилер кіреді,- деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «С. Қайырбеков атындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» Абай облыстық филиалының директоры Маржан Ахатова.
Естеріңізге сала кетейік, таңдалған емханада қызмет көрсету 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүмкін болады. Бұрын тіркелген медициналық ұйымынан шығару автоматты түрде жүзеге асады.