Түркітілдес журналистер қорының мүшелері Алматы аймақтық көпсалалы клиникада болып, мекеме жұмысымен танысты. БАҚ өкілдеріне Клиника директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Аджибаев Бауыржан, онколог-гинеколог Тажибаева Қарлығаш, онколог-маммолог, хирург Дәулет Айдаров Алматы аймағындағы онкологиялық аурулардың бүгінгі ахуалы, емдеу тәсілдеріне қатысты жан-жақты ақпарат берді.
Қатерлі ісікті ерте анықтау – адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолдарының бірі. Дерт бастапқы кезеңінде анықталған жағдайда пациенттің толық емделу мүмкіндігі артып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасы жақсарады. Осыған байланысты Алматы облысында онкологиялық скринингтерді кеңейтуге, заманауи диагностика мен емдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінуде.

Үш бағыт бойынша тегін скрининг жүргізіледі
Қазіргі уақытта қатерлі ісіктерді ерте анықтауға арналған үш негізгі скрининг жүзеге асырылуда:
* Жатыр мойны обырының скринингі – 30 жастан 74 жасқа дейінгі әйелдерге әр төрт жыл сайын;
* Сүт безі обырының скринингі – 40 жастан 76 жасқа дейінгі әйелдерге әр екі жыл сайын;
* Тоқ ішек обырының скринингі – 50 жастан 76 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге әр екі жыл сайын жүргізіледі.
Барлық онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі. Оған цитологиялық зерттеуге жағынды алу, маммография, гемокульт-тест, бекітілген алгоритм бойынша тереңдетілген диагностика және медициналық көрсетілім болған жағдайда морфологиялық зерттеу кіреді.
178 мыңнан астам адам тексеруден өтті.

2027 жылдың алғашқы жеті айында Алматы облысында онкологиялық скринингтермен 178 464 адам қамтылды. Оның ішінде:
* 46 820 әйел жатыр мойны обырына;
* 59 724 әйел сүт безі обырына;
* 71 920 ер мен әйел тоқ ішек обырына тексерілді.
Скрининг нәтижесінде жатыр мойны обырының 20, сүт безі обырының 64 және колоректалды обырдың 13 жағдайы анықталды. Анықталған қатерлі ісіктердің 40 пайыздан астамы бірінші сатыда белгілі болған.
Сонымен қатар тексерулер барысында обыр алды патологиялар мен басқа да созылмалы аурулар анықталды. Мұндай пациенттер сауықтыру шараларына жіберіліп, динамикалық бақылауға алынады.
Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің ерте кезеңде анықталуы толық сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бұл емдеуді дер кезінде бастауға, күрделі операциялар мен ұзақ терапияның қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Онкогинекологиялық аурулардың көрсеткіштері
2025 жылы Алматы облысында жатыр мойны, жатыр денесі және аналық без обыры бойынша тіркелген жаңа жағдайлардың жалпы саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 240-тан 252-ге дейін өсті.
Жатыр мойны обыры бойынша жаңа жағдайлардың саны 6 пайызға азайған. Бұл профилактикалық тексерулер мен скринингтердің маңызын көрсетеді. Алайда осы дерттен қайтыс болғандар саны 26-дан 29-ға дейін өскен. Диспансерлік есепте тұрған пациенттер саны 1135-тен 1188 адамға жетті.
Жалпы алғанда, аталған үш онкологиялық ауру бойынша өлім-жітім 55-тен 63 жағдайға дейін өскен. Ал диспансерлік бақылаудағы пациенттердің жалпы саны 2177-ден 2307 адамға жетті. Бұл онкологиялық ауруы бар тұрғындарға ұзақ мерзімді бақылау, жүйелі емдеу және тұрақты медициналық сүйемелдеу қажет екенін көрсетеді.
Диагностикадан оңалтуға дейінгі кешенді көмек
Алматы облыстық көпсалалы клиникасында онкологиялық көмек диагностика, хирургиялық емдеу, дәрілік және сәулелік терапияны біріктіретін кешенді тәсіл негізінде көрсетіледі.
Клиника базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хирургия кафедрасы, сондай-ақ онкология, урология, маммология және химиотерапия курстары жұмыс істейді.
Кафедраны MD, PhD, PostDoc, қауымдастырылған профессор, онкогинеколог дәрігер Қарлығаш Нартбайқызы Тәжібаева басқарады.

Клиникада болашақ онкологтар, онкогинекологтар және урологтар даярланып, мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Оқу барысында клиникалық жағдайлар талданып, қатерлі ісіктерді ерте анықтау мен емдеуге қатысты практикалық дағдылар жетілдіріледі.
Аз инвазивті хирургия және молекулалық диагностика
Клиникада онкогинекологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері енгізілуде. Олардың қатарында:
* лапароскопиялық хирургия;
* гистероскопия;
* ICG – индоцианинді жасыл бояғышын пайдалану арқылы лимфа түйіндерін картографиялау;
* медициналық көрсетілімдер бойынша сентинелдік лимфа түйіндерін анықтау;
* эндометрий обырына молекулалық диагностика жүргізу бар.
Лапароскопиялық операциялар үлкен тілік жасамай орындалатындықтан, пациенттің ағзасына түсетін салмақты азайтып, операциядан кейінгі қалпына келу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Эндометрий обырын зерттеу кезінде MMR жүйесінің MLH1, PMS2, MSH2, MSH6 және p53 маркерлері анықталады. Молекулалық зерттеу ісіктің биологиялық ерекшеліктерін нақтылауға, аурудың болжамын бағалауға және әр пациентке жекелендірілген емдеу тактикасын таңдауға көмектеседі.

Өкпе обырының скринингі енгізіледі
Алдағы жылдан бастап өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингті енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастаманың маңызы зор, өйткені өкпе обыры онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім құрылымында бірінші орында тұр.
Алматы облысындағы онкологиялық қызметтің алдағы негізгі міндеттері – қатерлі ісіктерді бастапқы кезеңінде анықтау көрсеткішін арттыру, молекулалық диагностиканы кеңейту, аз инвазивті хирургияны дамыту, заманауи дәрілік емдеу тәсілдерін енгізу және медицина мамандарының практикалық біліктілігін жетілдіру.
Заманауи технология, ғылыми білім және дәрігерлердің кәсіби тәжірибесін ұштастыру – әр пациентке сапалы, дәлелді әрі жекелендірілген онкологиялық көмек көрсетудің басты шарты. Ал тұрғындар үшін ең маңызды қадам – скринингтен уақытылы өтіп, денсаулығына жауапкершілікпен қарау.





