Облыста кезеңдік тұмау ауруына қарсы егу жұмыстары басталды

Облыста кезеңдік тұмау ауруына қарсы егу жұмыстары басталды

Семей қаласында 2023-2024 жылғы эпидемиялық маусымда ЖРВИ сырқаттанушылығы бойынша 25498 жағдай тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-мен ауырғандардың үлесі – 52,7% құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚР ДСМ СЭБК Абай облысының санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаменті Семей қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ басшысы Шыңғыс Чокушев айтты, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

- Қазіргі күні тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуіне байланысты тұмаудың алдын алу шаралары жүргізілуде. Коллективті иммунитетті қалыптастыру үшін ДДҰ ұсынысы бойынша жалпы халықтың тәуекел тобының егілуі 10% кем болмауы керек. Семей қаласы бойынша 2023 жылы эпидемияның алдыңғы кезеңінде тұмауға қарсы 30398 адам егілді. 2023 жылдың желтоқсан айының басынан бастап және бүгінгі күнге дейін тұмау вирусының А (Н3N2) типті 79 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, сонымен қатар: РС, аденовирус, парагрипп, риновирус вирустары кездеседі, - дейді Шыңғыс Чокушев.

2024 жылдың 15 қырқүйегінен бастап Семей қаласында халықты кезеңдік тұмау ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде.  Тәуекел топқа жататын (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммундық қорғаныс-күшi жетiспейтiн, жиi ауыратын және әлсiз балаларды 6 айдан асқан балаларды); жабық мекемелердегі балалар (балалар үйлері, мектеп интернаттардағы балалар); қарттар үйіндегі ересектерді және 2-ші, 3-ші триместріндегі жүктіліктегі әйелдерді жергілікті бюджеттен егу жоспарланған.

- Халықты ақылы түрде егу жұмыстары арнайы рұқсаттары бар қаламыздың жеке емханаларында, екпе кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі күнде Қазақстанда тұмау ауруына қарсы екпенің Гриппол плюс (Россия) қолданылуда. Бұл екпелердің құрамында Дүниежүзілік  Денсаулық сақтау ұйымының 2024-2025 жылға ұсынылған  кезеңдік тұмауға қарсы антиген штаммдары бар. Сондай –ақ екпелер сертификатталған, адам ағзасы үшін қауіпсіз, деп атады спикер.

Тұмау ауруына қарсы адамдар 1 рет егіледі,  аурудан қорғану иммунитеті 14 күннен кейін басталады. Иммунитет 6 айдан 1 жылға дейін сақталады және тұмауға қарсы 6 айлық баладан бастап еңкейген қартқа дейін егілуге болады. Егерде 6 айдан 3 жасқа дейінгі бала егілсе 0,25 мл екпе салынады, одан кейін 3-4 жұмадан кейін 2 ші қайтара 0,25 мл екпені қайталап салады.

Адам папиллома вирусы әртүрлі ағзалардың (мысалы жатыр мойнының немесе аногенитальді аумақтың) терісіне және шырышты қабықтарына инфекция жұқтыратын вирус. Кейбір жағдайларда инфекция папилломалардың (сүйел) пайда болуына алып келеді.  Бұл вирус туралы брифингте « ҚР ДСМ СЭБК Абай облысының санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаменті Семей қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Динара Тілекина арнайы түсініктеме берді.

- Адам папиллома вирусының кез келген типі туғызған инфекциялардың көпшілігі симптомсыз өтеді және 12-24 ай ішінде өз бетінше элиминацияға ұшырайды. Иммунды жүйе осы вирусты жұқтырғаннан кейін 12-18 ай ішінде ағзадан осы вирустың 90% тазартады. Адам папиллома вирусын жою мүмкін емес 10% жағдайда 5-10 жыл ішінде жатыр мойнында қатерлі ісік алды және қатерлі ісік дерті дамиды, - деді Динара Тілекина.

Елімізде жатыр мойны обырының алдын алуы мақсатында 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап 11 жасар қыздарды адам папиллома вирусына қарсы, атап айтқанда, 16 және 18 -ші онкогенді типтерге қарсы егу енгізіледі.

- Қазір әлемде 135 мемлекет балаларды ұлттық егу күнтізбесіне адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияны да енгізді. АПВ вакцинасын әлемнің 135-нан астам елінде, оның ішінде тәуелсіз Мемлекеттер достастығы елдерінде   Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Армения, Грузия, Молдова сияқты елдерде жүргізіледі. Вакцинациялау жоғары тиімділікті екпені жыныстық өмір бастағанға дейін жүргізген кезде көрсетеді. Қазір деректерге сәйкес, өкінішке орай, қыз балалар жыныстық өмірді өте ерте бастайды.  11 жаста екпе салынса, ересек өмір басталған сәтте олардың организмі адам папиллома вирусына төтеп бере алады, - деп қорытындылады спикер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі қыздардың кем дегенде 90% адам папиллома вирусына қарсы егілуін ұсынады. Бұл шара скринингпен және ерте емдеумен қатар 2045 жылға қарай жатыр мойны обырының жаңа жағдайларын 42%-ға төмендетіп, 2070 жылға қарай 14 млн өлімнің алдын алуы тиіс.


#Денсаулық, #тұмау, #екпе